Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада мас жігіт жүргізушінің көзінше маршруттық автобусын айдап кеткен.
Бұл туралы қалалық ПД баспасөз қызметі хабарлады.3 ақпан күні таңертең сағат 07.06-да қалалық автобустың жүргізушісі Жетіген көшесі, 34 үй мекенжайынан MAN SL маркалы автобус ұрланғанын айтып, "102" нөміріне хабарласқан.
Жүргізушінің айтуынша, таңертең автопаркте ол автобусты қыздыру үшін оталдырып, диспетчер бөлмесіне кіріп шыққанша, белгісіз жігіт автобусты айдап кеткен.
Бірақ алысқа ұзамай ұрланған автобусты тәртіп сақшылары тоқтатты. Патруль полициясы сағат 07.18-де бейнебақылау камерасының көмегімен автобустың Республика даңғылы мен Дүкенұлы көшесінің қиылысында екенін анықтап, 28 жастағы жүргізушіні ұстады, - делінген ведомство хабарламасында.
Медициналық тексеріс кезінде жас жігіттің алкогольді ішімдіктен орташа дәрежеде мас күйінде болғаны анықталды.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.