Қазақстандықтар Тимофей Скатов пен Михаил Кукушкин Аустралия ашық чемпионаты іріктеу сайыстарында жеңіліс тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы ҚазАқпарат жазды.
Әлемнің 144-ракеткасы Т.Скатов іріктеу сайыстарының жартылай финалында дүниежүзілік рейтингте 155-орында тұрған чилилік Николас Харримен кездесті.
Тартысты өткен матчта Тимофей бірінші таймда 6:4 есебімен басым түскенімен, сол қарқынын жалғастыра алмады – 5:7, 1:6.
Рейтингте 195-орындағы М.Кукушкин үш сағатқа жуық уақытқа созылған бәсекеде әлемнің 138-ракеткасы, жапониялық Йосуке Ватанукиге 6:4, 6:7(3:7), 3:6 есебімен жол берді.
Осылайша, Т.Скатов та, М.Кукушкин де іріктеу сайыстарының финалына шыға алмай, жарыс жолынан шығып қалды.