Қазақстанның бірінші, әлемнің 25 ракеткасы Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатының ширек финалына шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
Қазақстандық теннисші төртінші айналымда әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентекпен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда Е.Рыбакина 6:4 есебімен басым түсті.
Екінші сетте Еленаның доп берудегі қателігінен кейін И.Швентек брейкпен алға кетті – 2:0. Дегенмен Е.Рыбакина қайыра брейк жасап, таразы басын теңестірді – 3:3. Сосын тағы бір брейкке қол жеткізіп, матчқа доп бергенде, қателескен жоқ – 6:4.
Сағат жарымға созылған матчта Елена 6 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың төртеуін мүлт жіберген жоқ. Қарсыласы 2 эйс, 2 брейкпен көзге түсті.
Е.Рыбакина жартылай финалға шығу үшін әлемнің 7-ракеткасы, америкалық Кори Гауфф немесе рейтингте 17-сатыдағы латвиялық Елена Остапенконың біреуімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия чемпионатында Елена Рыбакинаның жекелей сында алғаш рет төртінші айналымға шыққанын жазған едік.
Сондай-ақ Елена Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасымен ойнайды.
Елена Рыбакина жұптық сында келесі айналымға өтті.