Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2021 жылдың алғашқы «Үлкен Дулыға» турнирі ақпан айының 8-21 аралығында өтеді. Қазақстанның алты өкілі Австралия ашық чемпионатының негізгі кезеңіне жолдама алды деп хабарлайды теннис федерациясының баспасөз қызметі.
Қыздар арасынан Елена Рыбакина, Юлия Путинцева, Зарина Дияс және Ярослава Шведова ел намысын қорғайтын болса, ерлер сайысында Александр Бублик пен Михаил Кукушкин өнер көрсетеді. Сонымен қатар, жұптық сында Александр Бублик Андрей Голубевпен бірге кортқа шығады.
Сондай-ақ, Дмитрий Попко жарысты іріктеу кезеңнен бастайды. Пандемияға байланысты ерлердің іріктеу жарысы Дохада өтеді. Қазақстан құрама командасының капитаны Ярослава Шведова «Australian Open» турнирінде қорғалған рейтинг бойынша бақ сынайды. Екі «Үлкен Дулыға» турнирінің жеңімпазы соңғы үш жарым жыл бойы ірі жарыстарға қатысқан жоқ. Өйткені, Ярослава бұл уақытта декреттік демалыста болды. Қорғалған рейтинг әртүрлі себептермен ойнау мүмкіндігінен айырылған теннисшілерге беріледі.
Естеріңізге сала кетейік, жаңа маусымда Австралияның ашық чемпионаты ерекше форматта өтеді, оның басты ерекшелігі - спортшылар Жасыл континентте екі апталық карантиннен өтуі тиіс.