Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Еліміздегі медициналық ұйымдар коронавирустың екінші толқынына дайындықты күшейтіп жатыр.
Бүгін Алматыдағы №7 қалалық клиникалық ауруханасында коронавирустық инфекциямен ауырған науқастарды оңалтуға арналған детоксикация орталығы ашылды.
Орталық соңғы үлгідегі емдеу аппараттарымен жабдықталған. Ол жерде ауыр халдегі науқастарға экстракорпоральды детоксикация және гемокоррекция әдістері қолданылады.
Мамандардың айтуынша, орталықта 150 ауру түрін емдеуге қауқары бар.
Дүниежүзінде қан тазартудың 32 әдісі жасалады екен. Міне, осы тәсілдің барлығы орталықта қолданылады.
Ауру тудыратын кеселдің бәрі, яғни инфекция, бактерия, аллерген, антидене, адам ағасындағы өзгерістер қанда болады екен. Науқастар жылдам сауығып кету үшін алдымен қандағы кеселдерді тазартуы қажет. Соңғы кезде өршіп тұрған коронавирустың ауыр түрімен ауырып, өзіне келе алмай жүргендердің ағзасын қалыпқа келтіру шарасы да осында жүргізіледі.
№7 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Манас Рамазанов аталған орталықтың ерекшелігі жайында айтып берді.
Біздің аурухананың базасында қалалық нефрология, эндокринология орталықтары, ірі гемодиализ орталығы, ірі урология мен анестизиология бөлімдері, сонымен қатар интенсивті терапия бөлімі бар. Енді солардың бәрі біріктіріліп, бір орталықта қызмет көрсететін болды. Бұл С. Асфендияров атындағы ҚазМҰУ-нің анестезиология және реаниматология кафедрасы мен профессор Светлана Ералинаның бастамасымен іске асып отыр. Қазіргі заманғы құрал-жабдықпен қамтылған бұл орталық науқастарға жаңа тәсілдер арқылы кең көлемде қызмет көрсете алады. Негізінен бүйрек, бауыр, жүрек, өкпесі ауыратын, оған қоса иммундық жүйесі төмендеп кеткендерге көмек көрсетіледі. Қазіргі кезде коронавирус инфекциясымен ауырған көптеген науқасқа денсаулығын қалпына келтіру қажеттілігі туындап отыр. Сәуле арқылы қан құрамын тазарту, бүйректі емдеу, өкпені қалыпқа келтіру әдістері арқылы ондай науқастарға тиімді көмек көрсетіледі, - дейді ол.
Мұндай көмек жүкті әйелдерге, егде жастағы адамдарға, бірнеше операция жасатқандар мен созылмалы ауруы асқынған жандар үшін қажет көрінеді.
Орталықта көрсетілетін ем тәсілдерінің барлығы өз тиімділігін дәлелдеген, оның үстіне ғылыми тұрғыда зерттеліп, жетілдірілген.
Орталықта науқастарға ем қолданумен қоса ғылыми жұмыстар да атқарылады, дәрігерлердің біліктілігін арттыру бағыты да қолға алынбақ.
№7 клиникалық ауруханаға жылына 80 мыңдай науқас жүгінсе, олардың 25 мыңдайы ауруханаға жатқызылады екен.
Жоғарыда айтылған бөлімшілерге айына 7-8 мың адам қаралады, солардың 10-15 пайызы осы орталықтың емін қабылдауға мұқтаж.
Оған қоса түрлі операциядан шыққан науқастарға да осы орталыққа қаралу қажеттілігі туындап отыр. Шұғыл түрде ауруханаға түскен науқастар мен жүкті әйелдер орталықта тегін ем қабылдай алады.
Аурухананың Жансақтау бөлімінің меңгерушісі Есенай Естенбетовтың айтуынша, бұл адам ағзасын тазалау орталығы.
Орталыққа соңғы үлгідегі бірнеше аппарат пен жабдықтар алдық. Оның ішінде қан құрамын тазалайтын, қан ішіндегі бөлшектерін тазалайтын құралдар бар. Емдеудің бұл тәсілдері ковидтен кейінгі жағдайда тез сауығу үшін қолданылады. Яғни адамның иммунитетін тезірек көтеру үшін, өкпесінің фиброзы болмас үшін, тез қалпына келу үшін осы аппараттар қолданылады. Коронавирус инфекциясы науқастардың өкпесі, бүйрегі, бауыры, миы және басқа да мүшесіне қатты әсер етуі мүмкін. Соларды қалпына келтіруде бұл ем өте тиімді, - дейді ол.
Аурухана коронавирустың екінші толқынына дайындық шараларын да күшейткен. Қазір 30 төсек орын мен ауаны қолмен желдететін 30 аппараты дайын тұр. Коронавирустың алғашқы толқынында бұл ауруханаға вирус жұқтырған 2000-нан астам адамды қабылдаған.
Қала бойынша коронавируспен ауырғандарды қабылдайтын 7 мыңнан аса төсек орын әзірленген. Оған қоса медициналық ұйымдар коронавируспен ауырғандарға көмек көрсету үшін 3 эшелонға бөлінген. 1 эшелонға ересектер мен балалар жұқпалы ауруханалар жатады. Егер екінші толқын басталса, науқастар алдымен соларға жеткізіледі. 2 эшелонға біздің клиника мен өзге клиникалар жатады. Бізде қазір 30 орын дайын тұр, алайда орын жетіспей жатса, біз төсек орындарын 10 есе көбейте аламыз, - дейді бас дәрігер.
Сонымен қатар ол вирус жұқтырғандармен қоса басқа да науқастарды қабылдауды тоқтатпайтындарын айтты.
Жедел жәрдеммен жеткізілген науқастарға міндетті түрде көмек көрсетіледі. Дегенмен осы жолы бізге вирус жұқтырғандар аз келеді деп ойлаймыз. Бірінші эшелон бойынша орын көп, сондықтан вирус жұқтырғандар бізге жетпеуі де мүмкін. Бізге инсульт, дене жарақаты және басқа да аурумен түскендер арасында вирус жұқтырғандар болуы мүмкін. Міне 30 орын соларға деп дайындалды. Мәселен инсультпен немесе инфарктпен түскендерді жұқпалы ауруханаға жібере алмаймыз. Олар оны емдей алмайды, - дейді Рамазанов.
Ауруханада екінші толқын бола қалса, науқастарды қалай қабылдап, қалай қызмет ету керектігі жөніндегі нұсқаулықтар алдын ала дайындалған. Ол қалалық СЭС пен Денсаулық сақтау басқармасы, әкімшілікпен бірігіп әзірленген. Оның үстіне дәрігерлерге де коронавирус таңсық емес, онымен қалай күресу керек екенін әбден меңгерген.