Елімізде балалардың туа біткен ерін мен таңдай жырығын емдеп жүрген мамандар санаулы. Құны 100 мың долларға дейін бағаланатын отаны елімізде тегін жасап, бүлдіршіндерге де, ересектерге де күлкі сыйлап жүрген бет-жақ және мойын ауруы хирургі, имплантолог, стоматолог Нариман Сатылғановпен Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі сұхбаттасты.
Ол өзге елде білім алмай-ақ, мықты техникалық құралсыз-ақ және аз ғана айлықпен ел үшін еңбек етіп жүрген өз ісінің майталман маманы, қайырымды жан, адал адам десек артық айтпағанымыз.
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан
- Балалардың туа біткен ерін мен таңдай жырығын емдейсіз. Баланы емдеу қиын емес пе?
- Бұл патологиямен айналысып жүргеніме 16-17 жыл болды. Ауру туа бітті болғандықтан, жырықтар да туа пайда болады. Аса бір алып бара жатқан қиындығы жоқ, керісінше кішкентай балалармен жұмыс істегенді өзім ұнатамын. Жалпы ерін мен таңдай жырығын емдеу қиынға соқпайды. Жұмыс болғаннан кейін, Қытай, Ресей мен Орталық Азия елдерінен хабарласып, көмек сұрайтын науқастар да бар.
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан
- Елімізде 3 мыңдай балада, 5 мыңға жуық ересек адамдарда сыртқы құлақ қалқаншасы жоқ. Біреуі салдырса енді бірі жоғалтып алып жатады. Осы жайлы айта кетсеңіз.
- Құлақ қалқаншасының болмауы, туа бітті ауруларға жатады. Операцияларды жасау қиын болғандықтан, мамандар өте аз. Бұл саланы көтеру ахуалы жеткіліксіз. Патологияны дамытуға кәсіби маман, заманауи үлгіде жабдықталған құралдарды алуға қаражат қажет. Өзіңіз атап өткендей, патологиямен ауыратын 3 мыңға жуық бала бар. Оның барлығын емдеп, қажетті құрал жабдықтармен қамтамасыз ету үшін елімізге дұрыс маман керек. Еуропа елдерінде мұндай күрделі операция 50-60 мың долларға жасалса, АҚШ-та оның құны 100 мың долларға дейін бағаланады. Аталған елдерге барып келу шығыны да аз емес.
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан
- Қазақстанда микротия жасату ақысыз ба? Оны қалай жасата алады?
- Микротияны жасауға портал жоқ. Тек ақылы түрде ота жасалады. Ақылы болғанның өзінде бізде тәжірибе жоқ. Неге десеңіз, шетелдік мамандар мен дәрігерлерден сабақ алып, тренинг арқылы тәжірибе алмасуымыз қажет. Дегенмен хирургтар ой алмасып, тәжірибе жасауға қомақты қаражат сұрайды. Мәселен, шетелге барып білім алу үшін жатын орын, ұшақ, күнделікті жүріс-тұрысына, үйрететін маманға біраз қаражат кетеді. Осы сынды қаржылай сұрақтар бізге білімді арттыру кезінде туындап қалады.
- Бір сұхбатыңызда, елімізде гемангиома деген диагнозға арналған жабдық жоқ деген едіңіз, сол жайлы тарқатып айтсаңыз.
- Әлемнің барлық елінде гемангиома деген диагноз бар және өте көп кездеседі. Бұл түрдің комбинерлі түріне ем қажет. Аурудың барлық түрін хирургиямен емдеуге болмайды. Кейбір жағдайда ісіктер бетте болғанда арнайы лазерлік жабдықтар қажет. Ота жасауға мүмкіндік беретін жабдық 120 мың доллар тұрады. Біз түгілі, Дағыстан сияқты кішігірім республикалардың өзінде бар. Ресей бойынша өз көмектерін көрсетіп жатыр. Қазақстанға 1 жабдық алсақ, осы диагнозы бар бүкіл қазақстандық бүлдіршінді тегін қамтуға жетер еді. Жабдық алып беруді сұрап қаншама меценатқа, кәсіпкер мен қоғамдық бірлестіктерге жаздым, нәтиже жоқ.
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан
- Жұмыс тәжірибеңіз 15 жылдан асса да, 120 мың теңгенің көлемінде жалақы алады екенсіз. Қаражат күнделікті өмір сүруге жетеді ме?
- Жалақым расымен көп емес. Дегенмен менің айлығым аз деп отырмай, күнделікті оталарды жасап, жұмыс істеп жүрмін. Мұндай жалақыға өмір сүру, бала-шағаны асырау мүмкін емес қой. Бірақ маған өз мамандығым ұнайды, балаларға көмектескім келеді, бұл істен ләззат аламын. Отбасымды асырау үшін жекеменшік клиникада қосымша жұмыс істеймін. Түркияда мұндай операцияны жасайтын дәрігерлер айына кемінде 20 мың доллар жалақы алады. Ал АҚШ-тағы әріптестерімнің жылдық жалақысы – 1,5 млн доллар. Тіпті, техника, құрал-жабдықтар түгел болса, қазақстандық балаларға мен хирургиялық операцияларды ақысыз да жасауға әзірмін.
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан
- Елімізде бет-жақ және мойын ауруы саласы қалай дамып келеді?
- Балалар бет-жақ аймағын алатын болсақ, дәрігерлер Қазақстан бойынша өте аз. Дәрігерлердің жалақысы өте төмен. Жұмысы қиын, үнемі ізденіспен тәжірибеге ие болуың қажет. Жоғарыда атап өткенімдей, кейбір оталарды жасайтын жабдықтар елімізде жоқ. Осының барлығы саланың толық дамып, ауруды айықтыруға кедергі келтіреді.
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан
- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!