Қазақстандық құтқарушылар Ауғанстанға келгеннен кейін бірден жұмысқа кірісті, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Ауғанстанға жіберілген Қазақстан ТЖМ күштері мен құралдары Герат провинциясына келгеннен кейін түнгі уақытқа қарамастан іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуге кірісті.
Қазақстандық құтқарушылардың жұмыс ауданы - Герат қаласынан 25-30 шақырым қашықтықта орналасқан Наиброфи жері бекітілді. Биліктің айтуынша, бұл учаске ең қиын екенін атап өткен жөн. Дәл осы жерде хабар-ошарсыз кеткендердің саны көп. Герат билігі құтқарушылардың жеделдігі үшін алғыс білдіріп, тәулік бойы жұмыс істеуге ниет білдіргеніне таңқалды, - делінген ведомство таратқан ақпаратта.
Естеріңізге сала кетейік, 7 қазанда Ауғанстанда 6,3 баллдық жер сілкінісі болып, арты 8 қуатты афтершокқа ұласқан. Зілзала дүйсенбіде де қайталанды. Талибан әкімшілігі ұсынған мәліметке сәйкес, жер сілкінісінен 2400 адам көз жұмды. Он мыңға жуық тұрғын жараланған.
10 қазанда 45 адамнан құрылған Қазақстан ТЖМ күштер мен құралдар тобын Ауғанстанға жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға көмек көрсету үшін жіберілді.
Сонымен қатар 11 қазанда гуманитарлық жүктің бірінші бөлігі жіберілді.