Әуе рейстері неге кешігеді? - Әуе компаниясының басшысы түсіндірді

26 Шілде 2022, 17:21
1606
Бөлісу:
Әуе рейстері неге кешігеді? - Әуе компаниясының басшысы түсіндірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Рейстердің кешігуі немесе өзгеруі бүкіл әлемде орын алуда. Air Astana әуе компаниясының президенті Питер Фостер осылай деп мәлімдеді.  

Әуе компаниялары мен әуежайларда жолаушылар санының артқанын байқап отырмыз. Оның үстіне, пандемиядан соң әуе тасымалы жылдам қалпына келуде. Егер Air Astana-дағы рейсіңіз кешіксе немесе өзгерсе, шын жүректен кешірім сұраймыз, - деді әуе компаниясының басшысы. 

Осындай мәтіндегі оның хаты Nomad Club жолаушыларға сыйлықақы беретін бағдарлама мүшелеріне жолданған. 

Әуе тасымалдарының ұлғаюынан бөлек, әуежайдың қызмет көрсетуі, сондай-ақ ұшып-қону жолағындағы жұмыс сынды өзге де факторлар бар. Сол себепті кейде рейстердің кестесін қайта қарауға тура келеді. Одан басқа, құстардың соғылып қалуы сынды факторлар ұшақтарымыздың қозғалтқышын істен шығаруы мүмкін, - деп түсіндірді Фостер. 

Әуе компаниясының президенті тасымалдаушының жұмысын жақсартып, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Air Astana cапарлардың санын қысқартқанын айтты. 

Еске сала кетейік, осы айда әуе компаниясы рейстерінің ұзақ мерзімге кешігу жағдайлары орын алған еді. 

18 шілде күні Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев аталған компаниямен жиналыс өткізді. Осылайша, ол әуе компаниясына әуе кемелерін коммерциялық жоспарлаудың жеткіліксіздігін айтып, тұрақты рейстерді кешіктіруге болмайтынын ескертті. Сонымен қатар комитет басшысы ұшақтардың жедел ауыстырылмауын, рейстер кешіккен жағдайда компания қызметкерлері түсіндіру жұмыстарын жылдам жүргізбейтінін алға тартты.

Ал 21 шілде күні әкімшілік іс қозғалып, әуе компаниясы 1000 АЕК, яғни 3 млн теңгеден астам мөлшерде айыппұл арқалады.  

Өзгелердің жаңалығы