Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының саптық алаңында интернатура бағдарламасы бойынша оқуды аяқтаған әскери дәрігерлерге арналған салтанатты рәсім өтті.
Жуырда Қарулы Күштер қатарын толықтыратын медициналық қызметтің 15 жас офицері жалпы практика дәрігері, хирург және терапевт біліктілігі берілген дипломдар мен куәліктерге ие болды.
Бұл 2016 жылы әскери ұшқыштар даярлайтын институттың базасында құрылған медициналық факультеттегі әскери интерндердің алғашқы бітірушілері. Медицина қызметінің лейтенанттары Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің интернатурасының үлгілік кәсіптік оқу бағдарламасы бойынша білім алды. Интерндер Ақтөбедегі медициналық мекемелерде клиникалық тәжірибеден өтті.
Әскери дәрігер болу – Отан алдындағы абыройлы міндет және зор жауапкершілік. Адамдардың өмірі мен денсаулығы үшін күресте дәрігердің антына ғана емес, әскери сертіңе да адал болуың керек, – деп атап өтті Әуе қорғанысы күштері әскери институтының бастығы авиация генерал-майоры Дәурен Қосанов жас мамандарға арнаған сөзінде.
Бүгінде бұл оқу орнында әскери интернатура бағдарламасы бойынша 23 медицина қызметкері білім алуда. Бастапқы академиялық бағдарлама бойынша 12 дәрігер-курсант оқып жатыр. Сондай-ақ, биылғы жылы білім ордасы 25 әскери дәрігерді оқуға қабылдауға дайын.