Аударыспақтан ел чемпионатының үздіктері анықталды

14 Наурыз 2023, 00:15
1304
Бөлісу:
Аударыспақтан ел чемпионатының үздіктері анықталды
Фото: ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының баспасөз қызметі

Ақтөбе облысында аударыспақ ойынынан ел біріншілігі өтті. Осымен 22-ші рет ұйымдастырылып отырған жарысқа еліміздің 16 өңірінен спортшылар жиналды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Чемпионат қорытындысы бойынша Түркістан облысы бірінші орынды иеленсе, Ақтөбе облысы екінші орынға тұрақтады. Ал, үздік үштікті Батыс Қазақстан облысының спортшылары қорытындылады.

Шара барысында ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының бастамасымен «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» РМҚК директоры-Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті Бағдәулет Сәбитов пен ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Нұрлыбек Мұқанов өңірдің Ұлттық спорт федерациясының өкілдерімен, облыстық спорт басқармасының басшылығымен кездесті.

Кездесуде қос тарап аталмыш саладағы мәселелер мен оның шешілу жолдарын талқылады.

Атап айтар болсақ, Ақтөбе облысындағы жалпы білім беру орындарында тоғызқұмалақ, асық ату, садақ ату үйірмелерін ашып, оған денешынықтыру пәнінің мұғалімдерін жұмылдыруды қарастырды.

Сондай-ақ кездесуде оларға семинарлар өткізу мәселесін де көтерді. Аталмыш семинарларды «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» РМҚК-ның өткізу мүмкіншілігі жайында айтылды.

Сонымен қатар, Бағдәулет Сәбитұлы мен Нұрлыбек Бекболатұлы мәдениет және спорт саласының кәсіподақ басшыларымен кездесіп, еңбек ұжымдарында ұлттық спорт түрлері бойынша үйірмелер ашуды ұсынды.

Мәселен, бүгінгі таңда Ақтөбе хром қосындылары зауыты жергілікті Асық ату федерациясымен бірлесіп, зауыт жұмысшылары арасында спартакиада өткізуді жоспарлауда.

Бас қосудың соңында Ақтөбе облысы Қобда ауданындағы ашық ипподромның құрылысына бюджеттен қаражат бөлу мәселесі де талқыланды.

Өзгелердің жаңалығы