Нұрлан Әбдіров Атырау облысында аудан әкімдерін сайлауға дайындық барысын пысықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚР Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
3-4 қазанда ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров 2023 жылғы 5 қарашаға тағайындалған пилоттық аймақтарда аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауын дайындау және өткізу шеңберінде Атырау облысына инспекциялық сапармен барды. Аймаққа сапарда Орталық сайлау комиссиясы мүшесі Шавхат Өтемісов пен ОСК аппаратының жауапты қызметкерлері де қатысты.
Сапардың алғашқы күні ОСК басшысы Нұрлан Әбдіров С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің студенттерімен кездесті. Ол еліміздің сайлау жүйесін сапалы өзгерткен Президент Қ.К.Тоқаевтың саяси реформалары жайлы кеңірек айтып берді. Жаңа өзгерістер қатарында аралас сайлау жүйесін енгізу бар, ол саяси ортаны кеңейтіп, Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлауда бұрын болмаған бәсекелестік туғызды. Сондай-ақ Н.Әбдіров сайлау органдарының жүйесі және оны қалыптастыру тетіктері, сайлау комиссияларын кәсібилендіру процесі, еліміздегі ағымдағы үш сайлау науқанына дайындық және оны өткізу барысы, атап айтсақ, ауыл әкімдерін, шығып қалғандардың орнына мәслихат депутаттарын және пилоттық режимде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін тікелей сайлау жайлы ақпаратпен бөлісті. Аудан әкімдерін сайлау Қазақстанда алғаш рет өткізіледі және бұл еліміздегі жүріп жатқан реформаның қисынды жалғасы. Аталған кездесуде дауыс берудің баламалы нысандары, Президенттікке кандидаттарға қойылатын талаптар, оның ішінде мемлекеттік тілді міндетті түрде меңгеру тақырыптары да қозғалды.
Кездесудің 94 қатысушысы QR-код арқылы онлайн-сауалнамаға қызығушылықпен қатысып, сауалнамада қойылған сұрақтар бойынша өз пікірлерін білдірді.
Сауалнамаға қатысқандардың 35,1%-ы қашықтықтан электрондық дауыс беруді, 26,6%-ы стационарлық цифрлық құрылғылар арқылы сайлау учаскелерінде дауыс беруді қолдайды; респонденттердің 68,1%-ы ел Президенттігіне кандидат мемлекеттік тілді білуі және лингвистикалық емтихан тапсыруы міндетті деп санайды; сауалнамаға қатысушылардың жартысына жуығы (47,9%) соттылығы бар азамат өз кандидатурасын Президенттің, депутаттың немесе әкімнің сайланбалы лауазымдарына ұсыныла алмайды деп жауап берді.
Сонымен бірге студент Әнуар Әженов кез келген электрондық дауыс беру жүйесінің қорғалуына және қажетті деректерді жоғалтқан кезде оларды қалпына келтіру мүмкіндігіне күмәнмен қарайтынын жеткізді. Сондай-ақ қашықтықтан электронды дауыс беруді енгізген жағдайда басқа адамдардың орнына дауыс беру мүмкіндігі секілді туындайтын ықтимал тәуекелдерге назар аударды. Өз кезегінде студент Еркебұлан Қобыланов, жағдайды модельдей отыра, мысалы, әлеуметтік желілерде оқырманы көп блогер сайлауда жеңіске жеткен жағдайда қажетті білімсіз және тәжірибесіз түгел бір ауданды немесе қаланы сауатты әрі тиімді басқара ала ма деген сауалды қойды.
Айта кетсек, Атырау облыстық мәслихатының шешімімен Исатай және Қызылқоға аудандары әкімнің тікелей сайлауы алғаш рет өткізілетін пилоттық аудандар болып белгіленді.
Орталық сайлау комиссиясының басшысы Қамысқала ауылдық округінің әкімі және тұрғындарымен кездесу өткізілген Исатай ауданына ат басын тіреді. Ол бірінші кезекте, ауыл тұрғындарының бұрын сайланған ауыл әкімінің атқарған жұмысының сапасы жайлы пікірлерін тыңдады. Ауыл тұрғындары оның қызметіне оң баға беріп отыр. Оған қоса, тұрғындар ауыл әкімі Рафиғат Тәжиденованың 2021 жылы Атырау облыстық «Үздік ауыл әкімі» байқауында жеңіске жеткенін аса қуанышпен атап өтті.
4 қазанда ОСК төрағасы Қызылқоға ауданы Мұқыр ауылындағы №159 учаскелік сайлау комиссиясының жұмысымен танысты.
Сондай-ақ Мұқыр ауылдық округі әкімінің қатысуымен ауыл тұрғындарымен дәстүрлі кездесу өткізді. Онда алдағы сайлау науқанының маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ ауыл тұрғындарының өз ауылының әкімін сайлау тәжірибесі бар екеніне баса назар аударды.
Тұрғындар сайланған әкімнің жұмысына көңілдері толатынын жеткізді. Ауылдың 93 жастағы ақсақалы Өтеген Ораш атап өткендей, көп жұмыстың атқарылғанын, бірақ туған ауылды одан әрі бірге дамытуды жалғастыру қажет екенін атап өтті.
Ортсайлауком басшысы Миялы ауылында жергілікті сайлау комиссияларының алдағы сайлауға дайындық барысымен танысты. Сондай-ақ №144 сайлау учаскесіне барды.
Қызылқоға ауданының орталығында ауыл жастарымен қызықты кездесу өтті. Нұрлан Мәжитұлы өткен және алдағы сайлау науқандары, сайлауды халықаралық байқау, дауыс берудің баламалы тәсілдері және оларды қолданудың шетелдік тәжірибесі жайлы айтып берді. Атырау қаласының студенттері арасында өткізілгендей осы кездесуде де электронды сауалнама жүргізілді. Осы екі сауалнаманың нәтижелері жалпы ұқсас болды.
Бірінші кезекте, аудандарға сапар барысында учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби даярлық деңгейіне тексеру жүргізілді. Оқыту семинарлары аясында жергілікті сайлауды ұйымдастырушылар «Дауыс беру күні» атты іскерлік ойынын өткізді, сайлау процесіне қатысушылардың құқықтары мен міндеттері туралы кейстік тапсырмалар, сайлау күні туындайтын стандартты емес жағдайлар келтірілді және оларды шешу әдістері түсіндірілді.
Сондай-ақ Н.Әбдіровтың төрағалығымен кеңес өтті. Онда облыстық және Исатай және Қызылқоға аудандарының сайлау комиссияларының, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының басшылары алдағы сайлауға дайындық туралы баяндама жасады.
ОСК басшысы аудан әкімдерін сайлау ерекше екенін және жергілікті сайлау, атқарушы және құқық қорғау органдарына үлкен жауапкершілік жүктейтінін жеткізді. Ол әкімдікке және аумақтық сайлау комиссияларына мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету, кандидаттарға үгіттік баспа материалдарын орналастыру үшін жеткілікті орын беру, барлық ұйымдастыру мәселелерін жедел шешу жөнінде кешенді шаралар қабылдауды тапсырды.
Қорытындылай келе, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы ағымдағы сайлау науқанының барлық кезеңінде сайлау заңнамасының нормаларын қатаң сақтау қажеттігін де баса атап өтті.