"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы елдегі автомобиль жолдарындағы қазіргі жағдай туралы ақпарат ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұлттық компанияның мәліметінше, 2026 жылғы 2 қаңтар күні сағат 08:00-дегі жағдай бойынша көліктің барлық түрі үшін жылдамдық режимі сағатына 80 км-ден 110 км-ге дейін өзгертілген учаскелер бар.
Ақмола облысы
- республикалық маңызы бар «KAZ02 Астана – Көкшетау (айналма жолмен) – Петропавл – РФ шекарасы (Жаңа Жол өткізу пункті)» автожолының 18–232 шақырым аралығы;
- республикалық маңызы бар KAZ01 «Астана – Қарағанды – Алматы» автожолының 30–92 шақырым аралығы, Жібек Жолы кенті – Анар станциясы учаскесі.
Қарағанды облысы
- республикалық маңызы бар KAZ01 «Астана – Қарағанды – Алматы» автожолының 92–164 шақырым аралығы, Анар станциясы – Теміртау қаласы учаскесі.
- Сонымен қатар Осинов асуындағы күрделі таулы жағдайларға байланысты Шығыс Қазақстан облысында «Өскемен – Алтай – Катонқарағай – Рахман қайнары» автожолының 46–66 шақырым аралығында (Северное ауылы – Серебрянск қаласы) тіркемесі және жартылай тіркемесі бар жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қойылған. Бұл шектеу қысқы кезең аяқталғанға дейін сақталады.
Жабық жолдар
Ауа райының қолайсыздығына (қатты жел, қалың тұман, көрінудің шектелуі) байланысты 2026 жылғы 1 қаңтар күні сағат 19:20-дан бастап Жамбыл облысында көліктің барлық түрі үшін республикалық маңызы бар «РФ шекарасы – Мартөк – Ақтөбе – Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент – Тараз – Қордай – Алматы – Қорғас – ҚХР шекарасы» автожолының 159–238 шақырым аралығы, «Қордай асуының жаңа айналма жолы» учаскесі (Кенен ауылы – Қайнар ауылы) жабылды.
Қозғалыс Қордайдың ескі асуы арқылы жүзеге асырылады.
Жолды қайта ашудың болжамды уақыты — 2026 жылғы 2 қаңтар, сағат 09:00.
Сондай-ақ Павлодар облысында «Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» автожолындағы жол айрығының көпір аралық құрылымының шеткі арқалықтары зақымдануына байланысты «Қалқаман» жол айрығы учаскесі жабылды. Бұл жерде Қалқаман кентіне кіреберіс пен Астана бағытына шығатын жол уақытша тоқтатылған.
Еске сала кетейік, синоптиктердің мәліметінше, Қазақстанның басым бөлігінде қар мен боран сақталып отыр, солтүстік-батыста күндіз қалың қар жауады, ал елдің оңтүстік-батысы мен оңтүстік-шығысында жауын-шашын (жаңбыр, қар) күтіледі.