Елімізде күн райының күрт өзгеруіне байланысты бірнеше өңірде жолдар жабылды, деп хабарлайды BAQ.KZ "ҚазАвтоЖол" компаниясына сілтеме жасап.
15 желтоқсанда сағат 21:00-де Жетісу облысында ауа райының бұзылуына байланысты "Алматы-Өскемен" автожолының 124-254 шақырым аралығындағы учаскеде (Алматы облысының шекарасынан Талдықорған қаласына дейін) жүк және қоғамдық көліктердің қозғалысына шектеу қойылды.
Сондай-ақ 15 желтоқсанда сағат 21:00-де Алматы облысында ауа райының бұзылуына байланысты "Алматы-Өскемен" автожолының 77-124 шақырым аралығындағы учаскеде (Қонаев қаласынан Жетісу облысының шекарасына дейін) жүк және қоғамдық көліктердің қозғалысына шектеу қойылды. Жолды 2024 жылғы 16 желтоқсан сағат 07:00-де ашу жоспарланған, - делінген хабарламада.
Ал керісінше, сағат 21:30-да Жамбыл облысында "Астана-Қарағанды-Алматы" автожолының 2005-2152 шақырым аралығындағы учаскесінде көлік қозғалысы ашылды.
Сонымен қатар Қарағанды облысында "Астана-Қарағанды-Алматы" автожолының 1993-2005 шақырым аралығындағы учаскесінде көлік қозғалысы ашық.