Ауа райы: Еліміздің кей өңірінде тұман түсіп, бұршақ жауады

23 Тамыз 2020, 18:07
1101
Бөлісу:
Ауа райы: Еліміздің кей өңірінде тұман түсіп, бұршақ жауады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы тұрақсыз болады. Атмосфералық фронтальды бөліктердің өтуімен найзағай ойнап, жаңбырмен жауады. Бұл туралы "Қазгидромет" өкілдері хабарлады. 

Оңтүстік-батыста қатты жаңбыр жауады, тек оңтүстік-шығыста және батыста ауа райы көбінесе жауын-шашынсыз болады. Республиканың кей жерінде тұман түседі, жел күшейеді, оңтүстікте шаңды дауыл мен жел күтіледі, бұршақ жаууы ықтимал. 

Қарағанды ​​облысының кей жерінде найзағай жарқылдап, бұршақ жаууы ықтимал, түнде және таңертең тұман түседі, күндіз жел 15-20 м/с дейін күшейеді. 

Шығыс Қазақстан облысының кей жерінде таңертең және күндіз найзағай ойнайды, түн тұманды болады, күндіз жел екпіні 15-20 м/с шамасында. 

Түркістан, Қызылорда облыстарының кей жерінде найзағай ойнап, шаңды дауыл мен жел күшейеді, күші 15-20 м/с жетеді. 

Ақмола облысының кей жерінде таңертең және күндіз найзағай ойнап, түнде және таңертең уақыт тұманды болады. 

Түнде Атырау облысының кей жерінде найзағай жарқылдап, күндіз жел жылдамдығы 15-20 м/с болады. 

Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарының кей жерінде найзағай ойнап, тұман бауырлайды.
Маңғыстау облысында бұршақ жаууы ықтимал. 

Дәл осындай күн райы Ақтөбе облысында байқалады. Ал Жамбыл облысының кей жерінде жел екпіні 16-21 м/с аралығында. 

Түнде Павлодар облысында тұман түседі. 

Қызылорда облысында, Түркістан облысының басым бөлігінде, Жамбыл, Алматы, Атырау облыстарының кей жерінде, Батыс Қазақстан оңтүстігінде, Қарағанды облысының оңтүстік-батысында  өрт қаупі сақталады.  


     

Өзгелердің жаңалығы