Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өскемен әуежайы санитарлық қызмет өкілдерімен бірлесе отырып коронавирус дертіне қарсы қауқарын сынауға арналған оқу-жаттығу өткізді.
Арнайы жасалған аңыз бойынша Зайсан ауданынан ұшып келген әуе рейсіндегі бір жолаушының жағдайы күрт нашарлап, коронавирусқа қарсы белгілер пайда болған. Әуе бортына арнайы қорғаушы киімдерін киген санитарлық-карантиндік бақылау қызметінің мамандары көтеріледі.
Медициналық тескеріс кезінде жолаушының соңғы екі апта көлемінде Қытай Халық Республикасында болып, дәл қазір Қазақстандағы туған-туыстарын аралап қайтуға келгені анықталады.
Қол тепловизорымен дене қызуын өлшеген мамандар оның бойынан қауіпті дертке ұқсас белгілердің байқалуына орай әуежайдың санитарлық пунктіне алып шықты.
Ол жерде жолаушыдан қажетті биоматериалдар алынып, жедел жәрдемнің келуін күтті.
Қысқа уақыт ішінде аталған вирус әлемнің көптеген елдеріне таралып кеткені белгілі. Инфекция ошағымен шекаралас орналасқан мемлекет болған соң қауіпті дерттің біздің елімізге де еніп кету қаупі жоғары. Сол себепті осы сияқты оқу-жаттығуларды өткізу біз үшін өте маңызды. Бүгін коронавирусқа қарсы дайындығымызды пысықтап, науқастың жағдайы туралы ақпаратты жоғары тұрған органдарға жеткізуді байқап көрдік. Қауіпті вирус жұқтырды деп күдіктелген адамды әуежайдың оқшаулау бөлмесіне жеткізіп, қажетті биоматериалдарды алдық, - деді Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің Санитарлық-карантиндік бақылау бөлімінің бас маманы Анар Сабырбаева.
Оқу жаттығу барысында санитар мамандар алғашқы медициналық жәрдем көрсету, алынған биоматериалдарды қауіптілігі жоғары зертханаға жолдау, дерт анықталған адамды арнайы капсулада алып шығып, қалалық ауруханаға жөнелту жұмыстарын машықтады.