Алматы облыстық полиция департаментінің Тергеу басқармасы Хасан Қасымбаев пен басқа да фигуранттарға қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ведомствоның мәліметке сәйкес, 21 шілде күні айыптау актісімен қылмыстық іс облыстық прокуратураға жолданған.
Ал 29 шілдеде облыстық прокуратура айыптау актісін бекітіп, істі мәні бойынша қарау үшін Талғар аудандық сотына жіберді.
Прокуратура мен полиция өкілдері Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сүйене отырып, тергеуге қатысты басқа мәліметтерді жария етуге болмайтынын мәлімдеді. Яғни айыптаудың нақты қандай негізге құрылғаны немесе жаңа деректердің жариялануы сот отырысында белгілі болмақ.
Бұған дейін Хасан Қасымбаев 2021 жылы ережесіз жекпе-жек жаттықтырушысын ұрлап, соққыға жықты деген күдікке ілінгені хабарланған еді. Қасымбаев 2024 жылы 2 қарашада ұсталды. Кейін екі айға қамауға алынды.
Хасан Қасымбаевтың қамауға алынуы қоғам назарын қайтадан Талғарға аудартқанын жазған болатын. Оның есімі алғаш рет 16 жастағы Шерзат Болатты өлтіру ісін тергеу кезінде аталған. Бұл қанды оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Әлеуметтік желілер мен анонимді пабликтерде "Хуторские" атты қылмыстық топ жайлы расталмаған ақпарат тараған. Жергілікті тұрғындар бұл топты Қасымбаев басқарады деп есептейді. Оларға тұрғындарды қорқыту және өзінше жазалау әрекеттері де таңылған болатын.