Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атыраулықтар жомарт жандар жалғыз басты анаға үй салып берді.
Бүгін олар Мейрамгүл Әмірғалиеваға қаладағы Еркінқала-2 селолық округінде орналасқан жаңа үйдің кілтін табыстады. Жалпы ауданы 100 шаршы метр болатын үйдің құрылысы биылғы жылдың ақпан айында басталған. Құрылыс жұмыстарын жүргізуге көмек қолын созғандар қатарында тек жеке кәсіпкерлер ғана емес, қарапайым атыраулықтар да болды. Баспана отбасыға қажетті жиһаз- техникамен жабдықталып, жарық, су, көгілдір отынмен де қамтамасыз етілген.
Мейрамгүл қазір 4 баланы жалғыз асырап отыр. Бұған дейін пәтерден пәтерге көшіп үй жалдап жүрген.
«Балаларымның үлкені Абзал – мүгедек. Ол ерекше күтімді талап ететіндіктен тұрақты жұмысқа да шыға алмай отырмын. Ерекше қуанып тұрмын. Қуанышымызда шек жоқ. Жомарттық танытып, жақсылық жасаған азаматтарға,барша атыраулықтарға алғысым шексіз»,-дейді жалғыз басты ана Мейрамгүл Әмірғалиева.
«Алдағы уақытта осындай игілікті іс шараларды көбірек ұйымдастырғымыз келеді. Мұқтаж жандарға қомқоршы болу мақсатымыз. Барлық азаматтарға үлгі ретінде осы бастаманы көтеріп жатырмыз. Болашақта жоспарларымыз бар»,-дейді жеке кәсіпкер Асхат Бағытұлы.