Атыраулықтар жағымсыз иіске тұншықты

28 Наурыз 2023, 20:14
949
Бөлісу:
Атыраулықтар жағымсыз иіске тұншықты
Фото: автордан

Атыраулық тұрғындар соңғы бірнеше күннен бері лас ауаға тұншығуда. Ал бүгін күкірсутегінің нормасы шектен 3-4 есеге асқан, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Жағымсыз иістен мезі болғандар арыз жазу үшін экология департаментіне сабылды. Жергілікті халық лас ауа ірі мұнай және газ компанияларынан шыққан шығындылардың кесірінен дейді. Сол жауаптылар тексерісті күшейтсе деген тілекте.

Атыраулықтар жағымсыз иіске тұншықты

Таңертең басымыз ауырып ояндық. Демалу мүмкін болмады. Балалардың да жүрегі айнып, өздерін жайсыз сезінді. Мен өзім химик- технолог мамандығы бойынша білім алдым. Экология саласынан хабарым бар. Арнайы қосымша арқылы ауаның сапасын күн сайын бақылап отырамын. Бүгін нормадан өте қатты асып тұр. Ол жергілікті мұнай компанияларының кесірінен деп ойлаймын. Күкіртсутегінің адам ағзасына тигізер кесірі мол. Ол мұрынды да тез бітейді. Сол себепті біраз уақыттан кейін тұрғындар жағымсыз иіске үйреніп, ешнәрсе сезбей де қалады. Менің ойымша адамның өмірі мұнай өнімдерінен қымбат болуы керек. Сол себепті бұл проблемаға ден қойылса деймін,- дейді қала тұрғыны Қарлығаш Құдайбергенова.

Атыраулықтар жағымсыз иіске тұншықты

Облыстық экология департаментінің басшысы бүгінгі жағымсыз иіске алпауыт компаниялардың қатысы жоқ деп отыр. Желдің бағытына байланысты ол «Квадрат» булану алаңынан келіп жатыр дегенді алға тартты. 

Бүгін жел Солтүстік Батыстан соққандықтан, жағымсыз иіс «Квадрат» булану алаңынан келіп жатыр. Арнайы қосымшада күкірсутегі нормасының шектен асқандығы белгілі болды. Біздің мекеме де атмосфералық ауа сынамасын алды. Департамент аталған фактілер бойынша заң аясында жұмыс істейді,-дейді Облыстық экология департаментінің басшысы Ә.Бекмұхаметов.

Атыраулықтар жағымсыз иіске тұншықты

Тұрғындар лас ауаға өндіріс орындарының қатысы жоқ деген пікірге толық қарсы. Олар жергілікті жерде табыс тауып отырған мекемелерге тексеріс күшейтілу қажет дейді. 

Қаланың оң жақ бөлігінде кәріз суын тазарту қондырғысы болмағандықтан, ол аумаққа 300-ге жуық кәсіпкерлік нысан лас  су төгеді. Соның кесірінен аумағы 500 гектарға жетіпті. Аталған жерді тазартуды қазір «Павлодарский речной порт» серіктестігі мойнына алған. Рекультивация келер жылы аяқталатын көрінеді. Бірақ алпауыт компаниялардандан шығатын зиянды қалдықтарды жоққа шығара алмаймыз. Бір ғана Атырау мұнай және газ өңдеу зауыты былтыр экологияға зиян келтіргені үшін 100 млн теңгеден астам айыппұл төлеген. 

Жылдар бойы мұнайлы өңір халқының басты проблемасына айналған экология саласын ретке келтіру үшін әкімдіктегілер қоршаған ортаны қорғау жөніндегі комиссия құрмақшы. Құрамына мемлекеттік орган өкілдері, халық қалаулылары мен белсенділер кіреді. Комиссияның алғашқы отырысы 30 наурызда өтеді деп жоспарланған.                           

Өзгелердің жаңалығы