Атырауда халықты тұрғын үймен қамтитын бағдарламалар өз нәтижесін көрсетіп келеді. Бұл туралы Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов ОКҚ-да айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Биыл облыста коммуналдық тұрғын үй қорынан 242 азаматқа пәтер кілті табысталды. Бұл бағытта бюджет есебінен қаражат бөлініп, 292 пәтер сатып алынып жатыр. Жалпы аймақта 10 айда 558,3 мың шаршы метр тұрғын үй (4 206 пәтер) пайдалануға берілді. Оның ішінде 390,2 мың шаршы метр (2 430 пәтер) жеке тұрғын үй, 168,1 мың шаршы метр (1 776 пәтер) коммерциялық тұрғын үй, - деді әкім.
Шәпкеновтың айтуынша, бұдан бөлек халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің басқа да тетіктері қолданылып жатыр. Тиісті қаражаттар қарастырылып, бірқатар өңірлік бағдарламалар қабылданды.
Мысалы, 35 жасқа дейінгі жастарды тұрғын үймен қамту үшін «Атырау жастары» бағдарламасына жергілікті бюджет есебінен 1 млрд теңге бөлінді. Алғашқы кезеңде 100-ге жуық жас маманды баспанамен қамту жоспарланған болатын. Жоспарымыз толықтай орындалып, бағдарлама өз нәтижесін көрсетті. Алдымыздағы жылы бағдарлама жалғасады, - деді Серік Шәпкенов брифингте.
Өңір басшысы атап өткендей, «Бақытты отбасы – Атырау» өңірлік бағдарламасы шеңберінде көпбалалы аналар, толық емес отбасылар және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылардың өтінімдерді қаралып жатыр. Осы мақсатқа бюджет есебінен 3 млрд теңге қаражат бөлінді. Бүгінгі таңда 38 отбасы тұрғын үймен қамтылып, 26 отбасының өтінімдері мақұлданды. Бұл бағдарламаның ерекешелігі сол, қатысушыларға бастапқы жарнасыз, қолданыстағы үйді сатып алуға мүмкіндік беріледі.