Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, сурдодзюдодан Азия чемпионаты 5-6 наурызда өткен, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қырғызстан астанасы – Бішкек қаласында сурдодзюдодан жалауы желбіреген Азия чемпионатына қазақстандық спортшылар да қатысты. Бұл додада атыраулық сурдодзюдошы Ерсін Болатов 60 келі салмақта бақ сынады. Қарсыластарының бәрін қапы қалдырған ол Азия чемпионы атанды, – деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Атыраулық сурдодзюдошы іріктеу кезеңінде өз тобындағы моңғол, корей спортшыларын жеңген. Ал, ақтық сында жапондық палуанды 8 секундта иппон әдісімен ұтқан.
Азия чемпионы атанған сурдодзюдошы Қызылқоға ауданының орталығы – Миялы ауылында тұрады. Егіздің сыңары спортпен бала күнінен айналысқан. Осы аудандағы Миялы ауылындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі.