Атыраулық құсбегі халықаралық турнирде жүлделі болды

12 Желтоқсан 2019, 21:03
2713
Бөлісу:
Атыраулық құсбегі халықаралық турнирде жүлделі болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 6-9 желтоқсан аралығында Алматы облысында өткен "СОНАР-2019"  халықаралық турнирінде атыраулық Арман Қошқаров 2-орын иеленді, деп хабарлады Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Бүркітшілер жарысына еліміздің әр өңірінен 60-қа жуық құсбегі мен көршілес Қытай, Моңғолия, Қырғызстаннан он шақты құс баптаушы қатысқан.  

Үш кезеңнен тұрған сайыстың алғашқы күнінде қатысушылар – құстың сыны, құсбегінің киім үлгісі, еркін аңға салу бойынша іріктелді. Ал, екінші күнгі жартылай финалдық кезеңде бүркіттер қоянға, ал ителгі, қаршығалар қолға шақыру, далбайға шақыру, кептер, қырғауылға салу бойынша сыналды. Ақтық мәреде бүркіттер түлкіге салынып, қаршыға мен ителгілер қоянға жіберілді. 

WhatsApp Image 2019-12-12 at 14.24.00.jpeg

Барлық кезеңнен оза шауып, жүлделі болған атыраулық Арман – ұлттық өнерді ұлықтап, дәстүрді дәріптеп жүргендердің бірі. Ол құсбегілікпен 16 жасынан бастап айналысады. Жыл басынан бері 11 сайыста бақ сынаған Арман Қошқарбаев 2 сайыста жүлделі орынды иеленіп, 9 сайыста "чемпион" атанған, - делінген таратылған ақпаратта.

Атыраулық құсбегі тағы бір халықаралық жарыста бағын сынамақ. Бүгін, 12 желтоқсанда Бурабай баурайында бастау алған "Қансонар-2019" халықаралық турнирі екі күнге созылмақ.

Өзгелердің жаңалығы