Атыраудағы жекеменшік балабақша иелері мен тәрбиеленушілердің ата-аналары білім бөлімінің талабын орындауға қарсы. Олар жауаптылардың сұратқан деректерін бере алмаймыз деп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қала тұрғыны Айтгүл Сағитованың қос баласы жекеменшік балабақшалардың біріне барады. Осы аптаның басында бөбекжайға барлық тиісті құжаттарды тапсыру керек дегенді естіп, бірден қарсы болған. Жеке деректерді өткізу қауіпті екенін айтады.
Балабақша басшылары қалалық білім бөлімінен хат келді, барлық құжаттарды тапсырыңдар деді. Бірақ жеке өзім қарсымын. Себебі балаларымның жеке мәліметтерін үшінші тұлғаға бере алмаймын. Қазір алаяқтар көп. Өзіміздің мәліметіміз, құжаттарымыз жабық болса да, алаяқтар неше түрлі айла жасап жатыр. Оның қасында баламыздыкін берсек, не болады. Қалалық білім бөліміндегілер ата-аналармен кездессін, ол қосымшаның қалай жүргізілетінін, мәліметтің қалай енгізілетінін түсіндірсін. Бізге балабақша басшылары арқылы айта салмасын,-дейді тұрғын Айтгүл Сағитова.
Қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенованың сөзінше, келесі айда Атырау қаласындағы мемлекеттік және жекеменшік балабақшаларда «Qazyna face» пилоттық жобасы енгізіледі. Қосымшаға балалар жайлы барлық дерек тіркеліп, балғындардың бөбекжайға келіп-кетулері сол арқылы күнделікті тексерілетін болады. Яғни балабақшаға кіргенде телефон камерасы арқылы тәрбиеленушінің бет-жүзі сканерленіп, ақпараты жүктеледі. Мұндағы басты мақсат-балалардың қауіпсіздігі мен мемлекет қаржысының тиімді жұмсалуы көрінеді.
Атырау қаласындағы 45 мемлекеттік балабақшадан бөлек, 76 жекеменшік балабақша жергілікті бюджет есебінен мемлекеттік тапсырыс алып отыр. Жан басына шаққандағы қаржыландыру 53 700 теңге көлемінде. Жобаның жүзеге асып келе жатқанынан бірнеше жыл болды. Оның басты мақсаты-балалардың кезектілігін жою. Енгізілгелі отырған пилоттық жоба «Qazyna face» деген мобильді қосымша. Бұл тиісті құзырлы органдардан рұқсатын алып, жүзеге асырылған. Ол арқылы біз жергілікті бюджеттің мақсатты жұмсалуын қадағалап, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын аламыз. Себебі біз мониторинг жүргізгенде де көрдік, балаларды балабақшаға жалған тіркеп қойып, сол үшін мемлекеттен қаржы алып отырғандар жоқ емес. Яғни былайша айтқанда, өлі жандар үшін ақша алып отыр. Цифрлық жүйелерді енгізу арқылы мемлекеттің, мемлекеттік тапсырыс алып отырған балаға қаражаттың нысаналы жеткізілуін бақылау функциясы біздің білім бөлімінде пайда болады,-дейді Атырау қаласы білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенова.
Бұл қосымшадағы деректерге тек білім бөліміне қарасты мекеме қызметкерлерін ғана қол жеткізе алады. Сол себепті оның тарап кетпеуіне де мамандар толық жауапты болатын көрінеді.
Құжаттар тек қана Атырау облысы Білім беру басқармасынан және әкімдіктен түскен арнайы хаттың негізінде біз қосымшаны толтырамыз.Ол тек қана Ұлттық базалық деректер қорындағы өзімізге ғана ашық ақпарат болып табылады. Сол себепті әрбір ақпарат үшін балабақша әкімшілігі, білім бөлімі, облыстық білім беру басқармасы дербес жауапкершілікте боламыз. Ата-ана бұл қосымша арқылы баласының сол сәттегі тұрған жерін, геолокациясын да көре алады. Бұл да өте тиімді. Себебі өткенде бізде бір жағдай болды. Мемлекеттік тапсырыс арқылы баланы қабылдап отырған баланы басқа бөбекжайға алып кетіп жауаптылар, ол бала сол жерде жұқпалы ауру жұқтырды. Мұндай жағдайдың алдын-алу үшін қосымшаның пайдасы бар,-деді Айнагүл Дүйсекенова.
Бұған дейін бұл жоба Атыраудағы 2 мемлекеттік, 1 жекеменшік балабақшаға енгізіліпті. Сондай-ақ Қызылорда облысында да қолданылады. Соның арқасында ол аймақта, балалардың жалған тізімде тұрғаны анықталып, мемлекеттік бюджеттің 3 млрд теңгедей қаржысы үнемделіпті.
Жиналған балабақша иелері мемлекеттік тапсырысты алу үшін өткізілетін конкурс мәселесін де көтерді. Айтуларынша, белгісіз себеппен биыл конкурс өткізілмей, тоқтап қалған. Айнагүл Дүйсекенова ол сауалға да жауап берді.
-Біз конкурсты желтоқсан айында өткіздік. Оны 8 мың балаға жарияладық. 76 балабақшада 8 мың балаға орын алғанымен, бүгінде әлі 1,5 орын әлі бос тұр. Одан кейін желтоқсан айында Атырауда жекеменшік серіктестік аясында 9 балабақша ашылды. Ол жартылай мемлекет есебінен, жартылай кәсіпкердің ақшасына салынды. Сол балабақшаларда бүгінгі күнге дейін әлі 400 орын бос тұр. Біздің өзара келісімшартымыздың аясында бала барса да, бармаса да біз 2610 орынға мемлекеттік тапсырысты беріп отырмыз. Сондықтан бірінші кезекте жергілікті бюджет қаржысын тиімді қолдану үшін, 400 баланың орнын толықтыру үшін, жаңағы айтқан 1,5 мың орынды толықтыру үшін конкурсты өткізуді кейінге шегердік. Яғни ол 5 маусымда өтеді. Мемлекеттік тапсырыс аламын деген кәсіпкерлер сол кезде конкурсқа қатыса алады. Мына наразылық тапсырып отырған кәсіпкерлер желтоқсан айында не себепті тапсырыс алмады десеңіздер, ол кезде құжаттары талапқа сай болмады. Соның кесірінен субсидияны алмады,-дейді Айнагүл Дүйсекенова.
Жекеменшік балабақша иелері шағымдарын айтып Атамекен кәсіпкерлік палатасына да арнайы барды. Ондағы мамандар жауапты басшы атына жазбаша хат түрінде арыз қалдыруды ұсынды. Соған сай алдағы уақытта талдау жүргізіліп, бизнес иелеріне жауап берілетін болады.
Ал облыстағы мемлекеттік және жеке балабақшаларда қалай болғанда да жаңа жоба биыл енгізіледі. Тәрбиеленушілердің жеке бастарына қатысты деректердің ашық ақпарат көздеріне тарап кетпей, құпия болуларына білім беру басқармасындағылар мен мекеме мамандары жауап береді.