Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау облыстық перинаталдық орталығындағы қызметтерінен бас тартып, арыз жазған дәрігерлермен ҚР Парлементінің Мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова кездесіп, талаптарын тыңдады. Халық қалаулысының айтуынша атыраулық дәрігерлерде қорқыныш бар.
"Біздің іс-сапарымыздың мақсаты Атырау перинаталдық орталығындағы дәрігерлермен жүздесу,олардың талап-тілектерін тыңдау. Өйткені, бұл жағдай халықтың ем алуына, медициналық көмек алуына кедергі келтірмеу керек. Қазір мұндағы ұжым бірқалыпты жұмыс атқарып жатыр. Министрліктен мамандар, сондай ақ, Ақтөбе медициналық университетінің дәрігерлері, Алматы мен Астанадағы ғылыми зерттеу институттарының профессорлары келіп қолдау көрсетіп жатыр. Сондықтан барлығымыз жұдырықтай жұмылып, мұндағы ана мен балаға көрсетілетін медициналық қызметтің деңгейін төмендетпеуге жұмыстануымыз қажет. Сонымен қатар ұжымға моралдық-психологиялық көмек беруіміз керек. Қазір перинаталдық орталықтағы дәрігерлерде үрей мен қорқыныш бар. Олар "қандай қателік жасап қоямыз, ол үшін бізді қалай жазалайды" деп қорқып қалғаны байқалады",- дейді ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова.
Атыраулық дәрігерлердің сұмдық әрекеті әшкереленіп жатқаны туралы жазғанбыз. Прокуратура сәби өлімі фактілеріне ауқымды тексерулер жүргізуде. Атырау облыстық перзентханасының дәрігерлері президентке хат жазды. Атырау перзентханасындағы дәрігерлердің де айтары бар екенін жазғанбыз. Біртанов Атыраудағы дәрігерлер ісіне қатысты баланың өлімі туралы жазбаны өзгертуге болатынын айтты.