Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау облыстық обаға қарсы күрес станциясына жылжымалы зертхана келді. Онда тәулігіне 500 адам ПТР сынамасын тапсыра алады. Бұл туралы Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Атырау облысындағы обаға қарсы күрес станциясына жылжымалы зертхана автокөлігінің кілтін арнайы тапсыра келген М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығының зертхана меңгерушісі Зият Әбдел мұндай мобильді зертхана бактериялық, инфекциялық зерттеулерді жедел анықтауда маңызды екенін алға тартты.
Жүк көлігіне орнатылған соңғы үлгідегі автозертхананы аудандарға да апаруға болады. Өйткені, бұл камаз көлігі соңғы үлгідегі еуро-5 классына жатады. Құмды, тау-тасты жолсызбен де жүре алатын мүмкіндігі бар. Жылжымалы зертханалар алыс елді-мекенде, далада аса қауіпті инфекцияларға, дербес және инфекциялық ауру ошағында медициналық мекеме жанындағы іссапарға жіберілген стационарлық сараптама орны ретінде жұмыс істей алады. ПТР зертханасы, бактериологиялық, серологиялық, иммуноферменттік талдау жүргізу жиынтығы және көлік ішінде желдету, қорғаныш құралдары санитарлық талаптары сақтала отырып жабдықталған. Онда дәрігер, зертханашылардың қауіпсіз жүмысы үшін барлық жағдай жасалған, - деді Зият Әбдел.
Айта кетейік, жылжымалы медициналық көлік Денсаулық сақтау министрлігі тапсырысы негізінде дайындалып, зертхана қажеттілігі бар өңірлерге берілуде.
Осыған дейін мұндай автозертхана Қызылорда, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облысындағы обаға қарсы күрес станцияларына тапсырылған болатын.