Атырау облысында жол апаты болып, соқтығыс салдарынан 3 адам қаза тапты. Түрлі дене жарақаттарын алған өзге 2 адам дереу облыстық ауруханаға жеткізілген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жантүршігерлік жағдай 26 наурыз күні сағат таңғы 07:30 шамасында тіркелген. Апат Ақтөбе-Атырау-Астрахань тасжолының 575 шақырымында болыпты. Полиция депаратменті өкілдерінің хабарлауынша, онда Toyota Coaster автобусы мен Lada Vesta автокөлігі соғылған. Желіде тараған бейнежазбадан екі көліктің де алдыңғы бөлігінің қатты майысқаны көрінеді. Соның салдарынан 3 адам қаза тауып, 2 адам ауруханаға жеткізілген.
Жедел жәрдем қызметінің көмегімен зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді. Науқастардың бірі жабық сүйек жарақатын алған. Қазіргі уақытта жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Ал екінші науқастың жарақаты ауыр. Оған барлық қажетті шаралар жасалып, көмек көрсетілуде. Көлік апатынан зардап шеккен азаматтардың жағдайы Облыстық денсаулық сақтау басқармасының тікелей бақылауында,-дейді басқарманың баспасөз қызметі.
Атырау облысы полиция департаменті патрульдік полиция ротасының командирі Алмас Закариев, жол апатына қатысты Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 345-бабы, 4-бөлігі бойынша қылмыстық істі тіркелгенін жеткізді.
Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Тергеу мүддесіне сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайтынын айтты.