Атырау облысындағы қос кісі өлтіру ісі бойынша күдіктінің ұсталған видеосы жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айта кетейік, ҚР ІІМ Атырау облысындағы қос кісі өлтіру ісі бойынша күдіктіні Индонезияда ұстады.
ҚР Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері шетелдік әріптестермен өзара іс-қимыл нәтижесінде Индонезия Республикасының Ломбок аралындағы Сенару ауылында аса ауыр қылмыс жасады деп күдікке ілінген ер адамды ұстаған болатын. Онымен бірге бұрынғы әйелі де анықталған, - деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі.
Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі бойынша күдікке алынған.
Онымен бірге бұған дейін хабар-ошарсыз кетті деп халықаралық іздеуге жарияланған бұрынғы жұбайы да анықталды.
Тергеу деректеріне сәйкес, 2025 жылғы қараша айында Атырау облысында күдікті ұзаққа созылған тұрмыстық жанжал мен пайдакүнемдік ниет негізінде екі адамды қасақана өлтіруді алдын ала жоспарлап, жүзеге асырған.
Қылмысты жасағаннан кейін ізін жасыру мақсатында мәйіттерді шаруашылық құрылысының астына көміп, қан іздерін жойған, сондай-ақ жәбірленушілердің мүлкі мен қаражатын иемденген.
Индонезия полициясы күдікті ұсталған сәттегі фотосуретті жариялаған.
Солтүстік Ломбок полициясының бастығы Агус Пурванта бұл операция халықаралық құқық қорғауды қолдау мақсатында, заң процедураларына сәйкес жүзеге асырылғанын растады. Қазақстандық қылмыскер оқиға орнынан кетіп қалмақ болған, бірақ полиция оны ұстап үлгерді, - деп жазады Fin NEWS басылымы.
Қазіргі уақытта оларды Қазақстан Республикасына депортациялау мәселесі қарастырылып жатыр.
Еске салсақ, бұған дейін Атырау облысындағы Жангелдин ауылынан ерлі-зайыпты мен олардың екі ересек баласы бар отбасының хабар-ошарсыз кеткені белгілі болған еді.
Ал 6 қаңтарда жантүршігерлік дерек белгілі болды. Үйдің жанындағы қорадан ерлі-зайыптылардың мәйіті табылған.
Кейін құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында күдікті ретінде марқұм зейнеткерлердің күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиевтің аты-жөні көрсетілген жазба жарияланды. Ол жұбайымен бірге халықаралық іздеуге алынған. Қазіргі таңда олардың қайда жүргені белгісіз.
Сондай-ақ біз Атырау облысындағы қоғамды шошытқан сұмдық оқиғаның хронологиясына тоқталған едік.
Аталған іске қатысты полиция атыраулық «хакерді» іздестіріп жатқанын да жариялады. Одан кейін марқұм әйелдің соңғы аудиохабарламасы күдік тудырғаны айтылды.