Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Атыраудағы қанды қылмыс құрбандарының өліміне қатысты тың дерек шықты

Бүгiн, 14:56
599
Бөлісу:
 Атырау облыстық Полиция департаменті
Фото: Атырау облыстық Полиция департаменті

Атырау облысы Полиция департаменті тұтас бір отбасының жұмбақ жағдайда жоғалып кетуі және кейін ерлі-зайыптылардың денесі табылуына қатысты істің жаңа мән-жайын жария етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ведомствоның мәліметінше, бұл іс аясында екі адам халықаралық деңгейде іздеуге алынған.

Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулеттің айтуынша, ерлі-зайыптылардың қызы із-түзсіз жоғалу дерегі бойынша халықаралық іздеуге "сары бюллетеньмен" жарияланған. Ал оның күйеуі қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген күдікпен іздестіріліп жатыр.

Қазір олардың нақты қайда жүргенін анықтау және полицияға жеткізу бағытында жедел іс-шаралар жүргізілуде.

Сонымен қатар құқық қорғау органдарында аталған тұлғаларға тиесілі SIM-карталардың Қазақстанның әртүрлі қалаларында белсенді екені жөнінде мәлімет бар.

Әлеуметтік желілерде марқұм ерлі-зайыптыларды тұншықтырып өлтірген деген ақпарат тарағанымен, полиция бұл деректі ресми түрде жоққа шығарды.

Марқұмдардың денесінен пышақпен салынған жарақаттар анықталды. Яғни тілінген, кесілген дене жарақаттары тіркелді. Мәйіттерге сот-медициналық сараптама жасалды. Сарапшылардың қорытындысын күтіп отырмыз, – деді Мейрим Ердаулет.

Оның сөзінше, өлімнің нақты себебін тек сараптама нәтижесі көрсетеді. Сот-медициналық тексерудің өзіне тән мерзімі мен тәртібі бар.

Қазіргі уақытта қаза тапқан ерлі-зайыптылардың 32 жастағы ұлы Наурыз Мұқанғалиев пен 35 жастағы қызы Мейрамгүл Қарабалина әлі де іздестіріліп жатыр. Қыз соңғы рет Атырау қаласында бейнебақылау камерасына түскені анықталған.

Алайда тергеу мүддесіне байланысты оның нақты қай камераға түскені және қолда бар өзге мәліметтер жария етілмейді.

Полиция өкілдері әлеуметтік желі қолданушыларын тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге және расталмаған деректерді таратпауға тағы да шақырды.

Айта кетейік, бұған дейін Атырау облысындағы Жангелдин ауылынан ерлі-зайыпты мен олардың екі ересек баласы бар отбасының хабар-ошарсыз кеткені белгілі болған еді. 

Ал 6 қаңтарда жантүршігерлік дерек белгілі болды. Үйдің жанындағы қорадан ерлі-зайыптылардың мәйіті табылған.

Кейін құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында күдікті ретінде марқұм зейнеткерлердің күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиевтің аты-жөні көрсетілген жазба жарияланды. Ол жұбайымен бірге халықаралық іздеуге алынған. Қазіргі таңда олардың қайда жүргені белгісіз.

Сондай-ақ біз Атырау облысындағы қоғамды шошытқан сұмдық оқиғаның хронологиясына тоқталған едік.  

Аталған іске қатысты полиция атыраулық «хакерді» іздестіріп жатқанын да жариялады. Одан кейін марқұм әйелдің соңғы аудиохабарламасы күдік тудырғаны айтылды. 

Кеше, яғни 12 қаңтарда белгілі болғандай, ерлі-зайыптылардың өлтірілуінен кейін олардың кіші қызы – Ақбаян Мұқанғалиева халықаралық іздеуге жарияланды.

Өзгелердің жаңалығы