Атырау облысында отбасы мүшелерін өлтірді деген күдікке ілінген екі адам шетелде қолға түсті. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ішкі істер министрінің орынбасарының айтуынша, күдіктілер кеше Индонезия аумағында ұсталған. Қазір оларды Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін марқұм болған ерлі-зайыптылар Мақсот Қарабалин (1959 ж.т.), жұбайы Нәсіп Өтешқалиева (1961 ж.т.) қызы, яғни қылмысты жасады деп күдіктеліп отырған Сұлтан Сәрсемалиевтің бұрынғы жұбайының статусы із-түзсіз жоғалғандар қатарында еді. Енді ол да аталған қылмысқа қатысты күдікті болып отыр.
Кеше ғана күдіктілер Индонезияда ұсталғанын растаймын. Қазіргі кезде оларды елге жеткізу мәселесі шешіліп жатыр, – деді Әділов.
Ол аталған қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары мен қажетті сараптамалар жалғасып жатқанын атап өтті.
Министрдің орынбасары күдіктілерді анықтау және ұстау барысына тоқталды. Оның сөзінше, халықаралық іздеу жарияланғаннан кейін Интерпол өкілдері мен Қазақстан полициясы бірлескен арнайы топ құрған.
Осы жұмыстың нәтижесінде күдіктілер ұсталды. Әйелі де күдікті ретінде қарастырылып отыр, – дейді ол.
Қазіргі уақытта тергеу жалғасуда. Қосымша ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді.
Еске салсақ, бұған дейін Атырау облысындағы Жангелдин ауылынан ерлі-зайыпты мен олардың екі ересек баласы бар отбасының хабар-ошарсыз кеткені белгілі болған еді.
Ал 6 қаңтарда жантүршігерлік дерек белгілі болды. Үйдің жанындағы қорадан ерлі-зайыптылардың мәйіті табылған.
Кейін құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында күдікті ретінде марқұм зейнеткерлердің күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиевтің аты-жөні көрсетілген жазба жарияланды. Ол жұбайымен бірге халықаралық іздеуге алынған. Қазіргі таңда олардың қайда жүргені белгісіз.
Сондай-ақ біз Атырау облысындағы қоғамды шошытқан сұмдық оқиғаның хронологиясына тоқталған едік.
Аталған іске қатысты полиция атыраулық «хакерді» іздестіріп жатқанын да жариялады. Одан кейін марқұм әйелдің соңғы аудиохабарламасы күдік тудырғаны айтылды.