Мемлекет басшысының Атырау облысындағы резиденциясы да енді лауазымды тұлғаларды қабылдамайды. Мұнайлы өңірдегі нысан бүлдіршіндер игілігіне берілмек. Жергілікті билік ол жерден демалу және сауықтыру орталығын ашады, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Қазір зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Нақты бағыты айқындалғасын, ішін қайта жабдықтау жұмыстары басталады. Айта кетейік, Атырау облысындағы президент резиденциясы облыс орталығынан 40 шақырым жерде, яғни Махамбет ауданының маңында орналасқан. Осы уақытқа дейін ерекше бақылауда болып, күзетілген аумақта бірнеше объект тіркелген. Атап айтсақ, футбол мен теннис ойнауға арналған жер, түкұшақ алаңы, киіз үйлер мен жасанды тоған бар.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қонақ күту объектілері, балалардың қажеттіліктеріне беріледі. Осы тапсырма шеңберінде Атырау облысының мемлекеттік органдары балаларға қажетті мүмкіндіктерді зерттеп, зерделей бастады. Бұл нысан аалдағы уақытта демалу және сауықтыру орталығына айналады. Сәйкесінше, мақсаты айқындалғаннан кейін, қайта жабдықтау бойынша ұйымдастыру жұмыстары басталады,-дейді Атырау облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ә.Ауданбаева.
Еске салайық, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев әр облыстағы Президент резиденцияларын балалардың игілігіне беріп, нысанды балабақша, мектеп, не болмаса сауықтыру лагеріне айналдыруды тапсырған болатын.