Атыраудағы мемлекеттік мекемелер қарызға батқан

5 Мамыр 2023, 09:31
1955
Бөлісу:
Атыраудағы мемлекеттік мекемелер қарызға батқан
Фото: автордан

Атыраудағы медициналық ұйымдар кәсіпкерлерге 1 млрд теңгеге жуық ақша қарыз. Мемлекеттік мекемелердің берешегін бермегеніне 1 жылдан асқан, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Қарызға белшесінен батқан мекеменің арасындағы екеуі облыстық аурухана болса, қалған екеуі Құрманғазы мен Исатай аудандарында орналасқан. Заң жүзінде олар мемлекеттік сатып алу аясындағы көрсетілген қызметтер үшін төленетін қаржыны 30 күн ішінде берулері керек. Алайда жауапты басқармадағылар қарызды өтеуге асықпапты. Қазір жеткізілген азық-түлік пен дәрі-дәрмек, және өзге материалдық жабдықтар үшін 100 кәсіпкер ақшасын ала алмай жүр.

Біз бұл мониторингті «Бизнеске жол» жобасы төңірегінде жүргіздік. Қазіргі уақытта мекемелер кәсіпкерлерге 300 млн теңге ақшаны қайтарды. Әлі 700 млн теңге берешегі бар. Оны өтеу барысы біздің қатаң бақылауда болады. Негізі бұл жүйелі проблема. Себебі мұндай кедергілер болмауы тиіс. Қызмет көрсетілгеннен кейін, ақша дер кезінде аударылуы қажет, - дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин.

«Бизнеске жол» жобасын жауапты департамент жыл басында қолға алған. Ондағы басты мақсат – кәсіпкерлердің құқығын қорғау. Жоба аясында өңірдегі барлық мемлекеттік мекеме тексерілген. Денсаулық сақтау басқармасынан бөлек, энергетика басқармасына қарасты мекеменің де қарызы бар екені анықталды. «Атырау су арнасы» КММ бизнес иелеріне 800 млн теңгеге жуық ақша берешек екен. Бүгінде оның 587 млн теңгесі өндіріліпті. Әлі төленбеген 120 млн шамасындағы қаржы бар.

Қарызға батқан мекемелер берешектің дер кезінде төленбеу себебін, ақшаның жоқтығымен түсіндіреді. Олардың қалған соманы нақты қашан өтейтіні белгісіз. Антикор өкілдері жақын арада жауапты басқармамен бірлесіп, өзекті тақырыпты талқылау үшін жиын өткізбек.

Өзгелердің жаңалығы