Атырау қаласында орталыққа жақын маңда Жайық жағалауында қыз бала мұз ойылып, суға түсіп кеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Атырау қаласында орталыққа жақын Жайық жағалауында қыз баланың мұз ойылып суға түсіп кеткендігі жөнінде хабарлама түскен. Хабарлама бойынша Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Ғапу Жанарыс, Арсен Муратов, Құрманғазы Мерей және Әкімшілік полиция бөлімі инспекторы Арманбек Габитов дереу оқиға орнына жеткен. Мұз ойығынан басы ғана көрінген адамның әйел адам екендігін дауысынан ғана айырған полицейлер құтқаруға бірден кіріскен.
Жанарыс Ғапу беліне арқан жіп байлап мұз үстімен жасөспірімге қарай беттеді. Әріптесі Мерей Құрманғазы оған көмектесу үшін жіп бойымен бірге жүрді. Өзге полицейлер жағада Жанарыс Ғапуды суға батып бара жатқан қыз баламен бірге тартып шығаруға дайын тұрды.
Аяқасты адам өміріне араша түскен полицейлердің қырағылығы мен ептілігі нәтижесінде жасөспірім жағаға шығарылып жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді. Денесі қатты суықтаған жасөспірім мән-жайды түсіндіре алмады.
Жедел-тергеу тобы тиісті шараларды қолға алды.