Атырауда жас сарбаздар алғашқы жауынгерлік қызметіне кірісті

21 Ақпан 2022, 09:38
3050
Бөлісу:
Атырауда жас сарбаздар  алғашқы жауынгерлік қызметіне кірісті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атыраудағы 5546 әскери бөлімінің жауынгерлері қатарына алынған жас сарбаздар әскери ант қабылдады. Толыққанды әскери бөлімнің жауынгері атанған жас сарбаздардың ендігі қадамы - күнделікті жауынгерлік қызмет атқару. Жауынгерлік қызмет негізінде сарбаздың Отанға деген  қалтқысыз сүйіспеншілігі мен адалдығы  анықталатыны сөзсіз, деп жазды әскери бөлімнің баспасөз қызметі.

Білім – адамның барлық қызметінің маңызды алғышарты. Жеке құрамды оқыту, әскери шеберлікті қалыптастыру, жауынгерлік қызметке дайындау оның қыр-сыры туралы мәліметтерді түсіндіру, олардың сол мәліметтерді игеруінен басталады.

Бұл білімдердің маңызды бөлігі жас сарбазды жауынгерлік қызметке дайындау кезінде оқытылады да, тағлымдама кезінде тәжірибе жүзінде іске асырады.Жауынгерлік қызметке кірістіруде жеке құраммен тәрбиелік және әлеуметтік құқықтық іс-шаралар ұйымдастырылып өткізіледі.

Осы шараларды іске асыру барысында әскери қызметшілермен әскери бөлім ардагерлерінің қатысуымен «Әскери достық – Ұлттық ұланның жауынгерлік дәстүрі» тақырыбында жалпы жиналыс, сонымен қатар «Әскери міндет – әскери абырой», «Жауынгердің жауапкершілігі», «Әскердің мақтанышы», «Сенің командирің» және «Сатылмаушылық, қырағылық, адалдық – Ұлттық ұлан жауынгерінің басты қасиеті» тақырыптарында  тәрбие жұмыстары өткізілді.

Мұндай тәрбиелік шараларды ұйымдастырып өткізудегі басты мақсат әскери қызметшілерді қазақстандық париотизмге тәрбиелеу, Ұлттық ұланның негізгі қызметінің ролі мен маңызын терең түсіндіру сондай-ақ жауынгерлік қызметті сәтті орындаудың алғышарты болып табылатын тәртіп пен жоғары моральді-психологиялық қасиеттерді қалыптастыру,- дейді бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник  Байрам Алиев.

Атырауда жас сарбаздар  алғашқы жауынгерлік қызметіне кірісті

Қызметті игерудің ең жоғары деңгейі қарапайым ептілік болып табылады. Ол білімді тәжірибеде қолдану мүмкіндігін білдіреді. Күнделікті жауынгерлік қызметте кездесетін қауіп қатердіің алдын-алу, өзін де сенім артқан өзгені де қорғау бұл сарбаздың басты міндеті. Әскери бөлімдегі жауынгерлік қызметтің бірі ол – қаладағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Бұл қызметке кірісудің алдында жедел мақсаттағы батальон командирі, басқарма офицерлері, рота командирлері, взвод командирлері қала берді сержанттар құрамы сарбаздарға «Патрульдік-посттық қызметтің басты міндеттері», «Заңдылықты бұзу болып не табылады?», «Патруль, патрульдеу маршруттары.Патрульдің міндеттері.Патрульге тыйым салынған әрекеттер, қызмет атқару тәсілдері» сияқты әртүрлі тақырыптарда сабақ өтіп қана қоймай, арнайы әскери дайындық қалашығында егжей-тегжейлі көрсетті.

Біз жас жауынгерлерге күнделікті жауынгерлік қызмет атқарудың маңызын, ерекшеліктерін, тәсілдерін қазір ғана үйретіп қоймаймыз, бұл үнемі қызметке шығар алдында қайталана береді. Күнделікті білімді тәжірибемен қатар шыңдау бұл нәтижені жақсы көрсетеді. Кешегі қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік кезінде басты күш ретінде сарбаздарымыздың болғаны анық, алайда осал тұстарымызды да көрсетті. Сол үшін барлық ілім-біліміміз бен тәжірибемізді жауынгерлерді сақадай сапқа дайындауға арнаймыз. Ел тыныштығын күзету біздің басты міндетіміз, - деп жедел мақсаттағы батальон командирі капитан Акбарали Ахмадалиев.

Атырауда жас сарбаздар  алғашқы жауынгерлік қызметіне кірісті

Ал келесі қызметтің бірі – арнайы мекемелерді күзету. Бұл қызметті атқаратын жауынгерлерге қылмыстық атқару жүйесінің мекемелерін күзетудің ерекшеліктері, пост, қарауыл қызметі, қару қолданудың ережелері сияқты негізгі қызмет барысы сонымен қатар, арнайы мекемені күзету аймағында нұсқаулық дайындықтар жүргізілді.

Мен оқу пункті аяқталған соң, атқыштар ротасына бөліндім. Қазіргі таңда жауынгерлік қызметке кірістірудің бірнеше дайындық сабақтарын өткізіп жатырмыз. Біздің міндетіміз түзету мекемесін күзету. Күнделікті қызметті оқтаулы қарумен атқарамыз. Осы тұста өзімізден үлкен шақырылым сарбаздары көп көмектесіп жатыр. Әлі үйренеріміз алда деп білемін. Командирлерім ғана емес ата-анам артқан сенімді ақтап, әскери қызметімді абыроймен атқарамын деп айта аламын, - дейді қатардағы жауынгер Серік Дархан.

Сонымен қатар әрбір тәрбие жұмысы барысында жауынгерлерімізге үлгі ретінде Ұлттық ұланның бейбіт күннің батырлары атанған әскери қызметшілері туралы да баяндалып жатса, әскери қызметте тәртіпсіздіктердің алдын алу мақсатында, теріс қылық пен қылмысқа жол бергендердің жазалары туралы да айтылды.

Өзгелердің жаңалығы