Атырауда Жұмекен Нәжімеденов атындағы көркем сөз сайысы басталды

17 Қазан 2019, 17:31
4862
Бөлісу:
Атырауда Жұмекен Нәжімеденов атындағы көркем сөз сайысы басталды
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақын, жазушы, Қазақстанның мемлекеттік гимнінің авторларының бірі – Жұмекен Нәжімеденов атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық конкурсы осымен төртінші жыл қатарынан өткізіліп отыр, деп хабарлады облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.

Байқауға еліміздің әр өңірінен келген 18-35 жас аралығындағы 16 үміткер қатысып жатыр. Олар Жұмекен Нәжімеденовтің поэзия мен проза жанрындағы екі туындысынан үзінді оқып сайысатын болады. 

Шараның ашылу салтанатында Атырау облысы әкімінің орынбасары Айбек Қрамбаев қатысушыларға өңір басшысы атынан алғыс білдіріп, Жұмекен Нәжімеденов шығармашылығын насихаттаудың жастар үшін маңыздылығын атап өтті. 

У1.jpeg

Республикалық конкурс финалистерін бағалайтын қазылар алқасы төрағасы – ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, Қазақстан жазушылар Одағы басқармасы төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов. Сонымен бірге, қазылар алқасы құрамында белгілі өнер және мәдениет қайраткерлері  Бауыржан Қарабеков, Жұмабай Құлиев, Серікқали Хасан, Әбілхан Төлеушов бар. 

У2.jpeg

Әділ қазылардың айтуынша, қатысушыларды бағалау барысында олардың көркем мәтінді оқу шеберлігімен қатар, дауыс мәнеріне және тіл тазалығына, көркем мәтінді таңдау талғамы мен сахнада өзін-өзі ұстауына, тіпті, таңдаған сахналық киіміне баса мән беріледі. Байқау жеңімпаздары дипломмен, алғыс хатпен және ақшалай сыйлықпен марапатталатын болады. 

У3.jpeg

Жұмекен Нәжімеденов атындағы көркем сөз оқу шеберлерінің республикалық байқауы 18 қазанда қорытындыланады.


Өзгелердің жаңалығы