Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырауда дәстүрлі бизнес-қауымдастықтың үздік өкілдерін марапаттау салтанаты өтті, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.
Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов шараға қатысып, отандық кәсіпкерлікті қолдау мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі екенін атап өтті. Бәсекеге қабілеттілікті арттырып, экономиканы диверсификациялауда аталған саланың маңызы зор.
Елбасының қолдауымен Үкімет ел экономикасына қажет жобаларды қаржыландырып келеді. Бүгінде республика бойынша шағын және орта бизнесті дамытудың бірнеше бағыты іске асып жатыр–Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында шағын және орта бизнестегі компанияларды 2020 жылдан бастап үш жыл мерзімге салықтан босатуды тапсырды, - деді облыс әкімі. .
Атырау облысында соңғы жылдары кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға кедергі келтіретін жайттарды болдырмау үшін көп жұмыс атқарылды. Өңірге керек жобаларды несиелендіруге қаражат бөлінді, соның арқасында жалпы экономикалық ахуал оңалды.
Бұл жаңа жұмыс орындарын, өндірістерді ашуға, салық айналымы базасын көтеруге мүмкіндік береді. Бизнес-қауымдастықтың аймақ экономикасын дамытудағы үлесі қор және бұл барлық кәсіпкерлердің еңбегі. Алдағы жылы да табыстарыңыз молайып, жетістіктерге жете берулеріңізге тілектеспін,- деп атап өтті Махамбет Досмұхамбетов.
Атырау облысында 58 мыңнан астам ШОБ өкілі бар, оның 50 мыңға жуығы белсенді жұмыс жүргізуде. 2016 жылы саланы дамытуға 600 млн теңге инвестицияланды. Соңғы үш жылда өңірдегі кәсіпкерлікті дамытуға қаралған қаражат үш есе артты.
Бизнес әлеуметтік жауапкершілікті де естен шығармайды. 2019 жылы аймақ кәсіпкерлері 8 мыңнан астам мұқтаж адамға 32 млн теңгенің қаржылай көмегін көрсетті. "Бизнестің жол картасы-2020" мемлекеттік бағдарлмасы жүзеге аса бастаған уақыттан бері 1,5 кәсіпкер жалпы сомасы 109,5 млрд теңгенің қаржылай қолдауына ие болды, 6,5 мың жаңа жұмыс орыны ашылды.
Өңірдегі кәсіпкерлікті дамытуға үлес қосып жүрген 11 кәсіпкер Атырау облысы әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Кештің басты оқиғасы – 10 аталым бойынша үздік кәсіпкерлерді марапаттау болды.
"Жылдың жас кәсіпкері" атағын Исатай ауданының тұрғыны Нұрхат Құмарбеков алды. "Үздік стартап жоба" - қызылқоғалық Асылбек Мұратовтың еншісінде. "Үздік отбасылық бизнес" - Генадий Биманов, "Қызмет көрсету саласында үздік" - Асыланбек Мәжитов, "Үздік өндіруші" - Бауыржан Мырзағалиев, "Сауда саласының үздігі" - Гауһар Болатбаева, "Туризм" - Айбар Жаниязов, "Үздік кәсіпкер әйел" - Айсұлу Оразбаева болып танылды.
Басты аталым – "Үздік жыл кәсіпкерін" облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов "SolarA.kz" ЖШС директоры Әсел Жолмұхановаға тапсырды.
Еңбегімізді жоғары бағалағандарыңызға алғысым шексіз. Біздің құрылыс компаниясы тұрғын үй, қонақ үй, емхана салу бағытында бірнеше жобаны іске асырды. Қайырымдылық жасау, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға, жетім балаларға, мүгедектерге көмектесу әрқашан да міндетіміз деп білеміз. Әріптестеріме айрықша алғысымды білдіремін, - деді жылдың үздік кәсіпкері.