Атырау облысына жұмыс сапары барысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин қазіргі уақытта толықтай қайта жаңғыртылып жатқан "Сев Каспий Фиш" ЖШС-нің Шортанбай балық зауытына барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді.
Жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес, зауытты жаңғыртуға 12 млрд теңге қажет. Жоба инвестордың жеке қаражаты мен өңірлік даму корпорациясы арқылы алынған қарыз қаражат есебінен қаржыландырылуда. Қайта жаңғырту аяқталғаннан кейін зауытта жылына 10 мың тонна балық өңделіп, 5 мың тонна дайын өнім шығарылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар жылына 5 миллион консерв және 1000 тонна кептірілген өнім өндіру көзделген, - делінген ведомствоның ақпаратында,
Сондай-ақ вице-министр "Жайық-Каспий" облыстық инспекциясының Құрманғазы аудандық бөлімшесіне арналған жаңа ғимараттың ашылуына қатысты. Модульдік ғимарат заманауи стандарттарға толықтай сай жабдықталған.
Бірлік ауылында вице-министр халықпен және балық шаруашылығы саласындағы ұйым өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында саланың өзекті мәселелері мен ұсыныстары талқыланып, сұрақ-жауап алмасу болды.
Бұдан бөлек, вице-министр облыстағы ветеринария ұйымдарының мамандарымен кездесу өткізді. Жиын барысында Аманғали Бердалин Қазақстан Республикасының 2021-2030 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенін дамыту тұжырымдамасы аясында ветеринарлық және сою пункттерін, сондай-ақ мал қорымдарын салу бойынша индикативтер белгіленгенін еске салды.
Кездесу қорытындысы бойынша вице-министр нақты тапсырмалар берді. Олардың ішінде: азық-түлік қауіпсіздігін қатаң бақылауды күшейту, ВСЭ модуліне уақытылы қосылуды қамтамасыз ету және белгіленген индикативтердің бекітілген мерзімдерге сәйкес орындалуын қамтамасыз ету бар. Вице-министр тек кешенді көзқарас қана өңірдегі ветеринарлық қауіпсіздік деңгейін тиімді арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.