Атырауда туберкулезді анықтауда инновациялық технологиялар енгізілген

31 Наурыз 2021, 16:44
2901
Бөлісу:
Атырауда туберкулезді анықтауда инновациялық технологиялар енгізілген

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау облысы туберкулез ауруы бойынша еліміздегі эпидемиологиялық ахуалы күрделі аймақтың бірі. Дегенмен өткен жылдары ауру көрсеткіші төмендеген екен. Сондай-ақ дәрігерлер балалар арасында да өкпе ауруы өршіп тұрғанын айтады. Оған ата-аналардың екпеден бас тартуы да себеп дейді олар.

Атырау облысы туберкулез ауруы бойынша республикамызда алдыңғы қатарда тұр. Жалпы облысымыздағы Құрманғазы, Жылыой, Махамбет аудандарында науқастар көрсеткіші жоғары. Биылғы жылдың екі айында аурушаңдық 24 пайызға төмендеді. Өткен жылы 81 адам тіркелсе, биылғы екі айда 63 науқас тіркелді. Сонымен қатар осы өкпе аурулары бойынша жасөспірімдеріміздің сырқаттануы күрделі мәселе болып тұр, - дейді Атырау облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті аса қауіпті жұқпалы ауруларды қадағалау бөлімінің басшысы Айсұлу Досқалиева.

Аймақ балалар арасындағы өкпе аурулары бойынша да алдыңғы қатарда тұр екен. Мамандар жасөспірімдердің аурушаңдығы облыстағы Қызылқоға, Махамбет, Жылыой аудандарында басым екенін айтады.

Жыл санап ата-аналар екпеден түрлі себептермен бас тартады. Жыл сайын орташа есеппен 300-400 баланың ата-анасы вакцинаға сенімсіздік танытып, туберкулезға қарсы екпені ектірмейді. Бұған теріс ақпараттар да әсер етіп тұр. Осы мәселеге дәрігерлерді алаңдатып отыр. Сонымен қатар туберкулездің көптеген дәріге төзімділігінің артуы да себеп. Жылдармен салыстырсақ, 2019 жылы 67 пайыз болса, 2020 жылы 69 пайызды құрап отыр, - дейді Айсұлу Досқалиева.

Соңғы 5 жылда Атырау облысындағы емдеу орындары облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансеріне топтастырылды. Жалпы аймақта өкпе ауруынан өлім-жітім жағдайы 100 мың халыққа шаққанда 6,3 есеге төмендеген.

Облысымызда туберкулезді ерте анықтау үшін диагностиканың халықаралық стандарттарға сәйкес заманауи әдістері қолданылуда. Барлық облыстық және аудандық ауруханалардың бактериологиялық зертханада туберкулезді және ауқымды дәрілерге көнбейтін туберкулезді тез диагностикалау бойынша алдыңғы қатарлы инновациялық технологиялар енгізілді. Туберкулез уақытылы айқындалып, бейілді емделген жағдайда, одан толық айығып кетуге болады. Қазақстанда туберкулезді біріккен бақылау стратегиясы жүзеге асырылуда. Яғни туберкулез микобактерияларын шығармайтын және айналасындағы адамдарға қауіп тудырмайтын науқастар тұрғылықты мекенжайы бойынша емханаларда амбулаториялық ем қабылдайды, - дейді Атырау облыстық фтизиопульмонология орталығының директоры Жаңабай Сағиев.

Сонымен қатар Атырау облысында 2015 жылдан бері туберкулез ауруына шалдығып, амбулаториялық деңгейде ем алып жүрген емделушілерге 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 29 мың 170 теңгеден ай сайын әлеуметтік көмек төленеді екен. Өткен жылы 1057 науқасқа жергілікті бюджеттен 182,4 млн теңге қаржы аударылған.


Өзгелердің жаңалығы