Атырауда шомылу маусымы ашылмауы мүмкін

27 Маусым 2024, 13:47
459
Бөлісу:
Атырауда шомылу маусымы ашылмауы мүмкін
Фото: автордан

Келген мол судың деңгейі түсіп, қауіп сейілмесе, биыл Атырау қаласында шомылу маусымы ашылмауы да мүмкін. Бұл туралы Облыстық ТЖД жедел-құтқару жасағының басшысы Әділхан Жұмалиев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Атырау облысында жыл сайын шомылу маусымы 15 маусымда ашылады. Биыл өңірге судың мол келуіне орай мерзімі кейінге шегерілді. Қазір Жайық өзенінің деңгейі әлі түскен жоқ. Ағысы да қатты. Сол себепті шомылуға қатаң тыйым салынған. Су айдыны күні-түні бақылауда. Төтеншеліктер ай басынан бері 168 рейдтік шара өткізген.

Атырауда шомылу маусымы ашылмауы мүмкін

Қауіп әлі сейілген жоқ. Су бұрынғы деңгейден өте жоғары. Дәл қазір біз күшейтілген режимде жұмыс істеп жатырмыз. Жайық өзеніне шомылуға болмайды деп шешілді. Біріншіден су лас, екіншіден өзеннің астында ағыспен келген терек сынды қауіпті заттар болуы мүмкін. Ескерту жүргізіліп жатқанына қарамастан, құлақ аспай өзен жағасында жасөспірімдер көп жүреді. Жеке бастарын анықтап, ата-аналарына хабарласқан уақытта олар балаларының қайда екенін білмей шығады. Бұл өте қауіпті. Су деңгейі арнасына түспей, қауіп сейілмесе, шомылу маусымы ашылмауы мүмкін. Себебі әр шомылу орны жасақталған жағада өзінің бекітілген құтқарушысы болады. Ол судың астын тексеріп, қауіпсіз екеніне көз жеткізіп, кейін ғана рұқсат беру керек, - дейді Облыстық ТЖД жедел-құтқару жасағының басшысы Жұмалиев.

Рейдтердің барысында бас-аяғы 46 адам жауапқа тартылыпты. Хаттамамен 358 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Мұндай жұмыс жалғыз қалада емес, облысқа қарасты аудандарда да жүргізілуде.

Айта кетсек, былтыр облыстағы су айдындарында 13 адам ажал құшты. Ал жыл басынан бері тағы 3 адам батып кеткен. Адам шығынын болдырмау үшін дәл қазір ережені қатаң сақтаған маңызды дейді құтқарушылар.

Өзгелердің жаңалығы