Атырауда шенділер саяжайлар мәселесін шеше алмай отыр

20 Қыркүйек 2023, 16:15
834
Бөлісу:
Атырауда шенділер саяжайлар мәселесін шеше алмай отыр
Фото: автордан

Атырау қаласының іргесіндегі саяжайдың тұрғындары 30 жылдан астам уақыттан бері инфрақұрылымға жарымай отыр. «АНУ-1» бау-бақша қоғамдастығында тұратын жұрт осы уақытқа дейін жол мен жарық мәселесін өз күштерімен шешіп келген. Жыл сайын уәдені үйіп төксе де, шенділердің сөздерінде тұрмайтынына тұрғындар ашулы, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

200-ден астам түтіні бар бау-бақша қоғамдастығына тұрғындардың алды 1983 жылы қоныстана бастаған. Әу баста саяжай сияқты маусымдық жер болғанымен, кейін тұрғылықты жерге айналыпты. Жылдар бойы тұрғындар проблемаға көз жұмып, шыдап келген. Бірақ енді былай өмір сүру мүмкін еместігін айтады. Әкімдер берген уәделерінде тұрсын деп шырылдайды.

Бізде проблема көп. ИЖС-ке, яғни жеке тұрғын үй ретінде ауыстыру бойынша 2022 жылы әкімдіктегілер мына клубқа келіп, жиналыс өткізді. Ол кездегі әкім Мейірім Қалауи болды. Келер жылы ауысады деп уәдесін берді. Бізде тіпті видеосы бар сол сөзінің. Жол болады, бәрін де реттейміз деді. Қазір әлі ештеңе жоқ. Мен өзім жеке, басқа тұрғындар шығындалмасыншы деп, ИЖС-ке құжат тапсырып көрдім. Архитектурадағыларға хабарласқан кезде, тапсыра беруге болады, өтеді деді. Ақшамды төлеп, бәрін жасаған кезде маған рұқсат бермеді. Неге олай келіп тұрғанын түсінбедім. Сонда әкімдер ауысқан сайын біз өтірік уәделеріне сеніп отыра береміз ба? Мына жолдағы тасты мысалы өзіміз төседік. Трансформаторға да бәленбай мың ақша төлейміз ай сайын. Осының бәрін шешіп берсін бізге,-дейді тұрғындардың бірі Айнагүл Сабалақова.

Атырауда шенділер саяжайлар мәселесін шеше алмай отыр

Жол, жарық, ИЖС мәселесін былай қойғанда, шенділер қоғамдық көлік мәселесін де шеше алмай отыр дейді. Автобуспен қатынау үшін олар үйлерінен бірнеше шақырым жолды арта тастауға мәжбүр. Бұл әсіресе денсаулығы сыр беріп қара басын әрең алып жүрген зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған аналар мен мектеп оқушыларына үлкен қиындық тудырып отыр.

Бұл жерде 25 жылдан бері өзіме керек дақылдарды егемін, азынаулақ өнім аламын. Әкімдіктегілер бұл жерге үй құрылысын бастайтындарға рұқсат береді де, инфрақұрылымға келгенде қолдары байланып қалады. Жағдай жасамай отыр. Газды, су құбырын бәрін ақша жинап, өзіміз жүргіздік. Ең болмаса, автобус жырын шешуге болады ғой. Қазір жаңбыр жауып, қар түссе балшыққа белден батамыз.Бұл жаққа жедел жәрдем көлігі де кіре алмайды. Жеке көліктері барлар бірдеңе етер, ал зейнеткерлер үшін қоғамдық көлік тоқтайтын жерге дейін бару өте қиын. Менің көршімнің өзі инсульт алып, қазір тақпен жүр. Күнде күндізгі стационарға арып, ем алады. Бәріміз үшін бұл өте қиын. Қоғамдық көлік көшеге кірмесе де мына жерде бұрынғы зауыт тұр, сол жерге дейін әкелуге болады ғой. Қашанғы осылай жүреміз. Биліктегілер неге бұған бас қатырмайды?,-дейді тұрғын Наталья Кузинятина.

Шу шығарған бұқарамен жүздесуге қала әкімі келуге жарамады. Басқарма басшылары да тыңдауға тырыспады. Тұрғындармен кездесуге келген құрылыс бөлімінің маманы бұл жерге кететін шығынды есептеп жатырмыз дейді. Жыл соңына дейін жобалық сметалық құжат жасақталып, жоба сараптамадан өтсе, жұмыс келер жылы басталады деп уәде берді.

Ану-1, Ану-2 бау-бақша қоғамдастығын қазіргі таңда Атырау облысының бас жоспарына енгізу жұмыстары жүріп жатыр. Қалалық құрылыс бөлімі тарапынан бас жоспарға енгізілген соң, біздер қазіргі таңда жобалаушы мекеме ПИР-ін есептеп берді.Сол арқылы бас жоспарға енген соң, біздер осы аталмыш бау-бақшаға инженерлік инфрақұрылым салу үшін жобалық сметалық құжаттамаға беруге дайын отырмыз. Жоба әзірленіп, сараптамадан оң қорытындысын алған соң, біздер жұмысты бастаймыз,-дейді Қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі Абылай Ғұмаров.

Атырауда шенділер саяжайлар мәселесін шеше алмай отыр

Ал қала әкімінің орынбасары бұл саяжайдан бөлек, қала іргесіндегі 33 бау-бақша қоғамдастығын да жоспарға енгізу көзделген дейді. Ол жұмыс 2017 жылы басталуы керек болса да, аяқсыз қалған. Қазір әлі қанша күтуге тура келетінін де түсіндіре алмады.

Бұл тек бізде ғана емес, республика бойынша өзекті мәселе. Ол негізі 2017 жылы бас жоспарға енгізілуі тиіс еді, бірақ белгісіз себеппен ескерілмей қалған. Біздің әкімдік тарапынан облыстық әкімдікке бас жоспарға өзгеріс енгізу бойынша ұсыныс берілген. Сатып алу заңына сәйкес облыстық басқарма тендер жариялап, шығарған болатын. Өкінішке орай заң талаптарына сәйкес ол кейін жариялауды ажет етіп тұр.Бүгінгі күні бас жоспар бекітілмей, біз ешқандай жұмыс бастай алмаймыз,-дейді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Ерболат Омаров.

Әзірге бас жоспардың қашан бекітіліп, инженерлік-инфрақұрылым жұмыстарының қашан басталатыны белгісіз. Тұрғындар оны әлі ұзақ күтетін сығайлы. Жергілікті атқарушы биліктегілер шеше алмай отырған өзекті проблемаға, үкіметтегілер мен депутаттар назар аударса дейді.

Өзгелердің жаңалығы