Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырауда Қашаған кен орнының жасанды аралдарында шағала жаппай қырылып жатыр. Бұл туралы Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мәлім етті.
Мамандар бір апта бұрын қанаттының бір мыңнан астамының өлгенін байқаса, бүгін оның саны бес мыңға жеткен. Құстардың жаппай қырылуы туралы НСОС компаниясы мамандары хабарлапты. Дереу комиссия құрылып, оларды аумақты шолып, сынама алған. Белгілі болғаны - Қашанған кен орнының жасанды екі аралы мен «Ақ Жайық» резерваты аумағында шағаланың үш түрінің өлекесін көрген. Бір қызығы, өлекселер арасында өзге құстар жоқ. Қазір инспекторлар өлекселерді жинап, өртеу жұмыстарын қолға алды. Ал комиссия қорытындысы бір аптадан соң белгілі болады. Алғашқы сынама қорытындысы бойынша, мамандар шағала құс тұмауынан өлген деп отыр.
Алматы қаласынан келген микробиология және вирусология институтының мамандарынмен сынамалар алынып, қазіргі уақытта Алматы қаласына жолданған болатын. Оның әлі нақты нәтижесі бізде жоқ. Енді әрі қарай инспекция тарапынан НСОС компаниясына жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, тағы да дәлелдемелер, басқа да материалдарды қарап жатырмыз, - деді Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Мереке Шалқаров.