Бүгін Атырау қаласында И.М.Губкин атындағы Ресей мұнай және газ университетінің филиалы ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Зерттеу университеті өз жұмысын С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті базасында жүзеге асыратын болады. Салтанатты ашылуға ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында бүгін И.М.Губкин атындағы Ресей мұнай және газ университетінің филиалы ашылды. С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті базасында Губкин университетінің филиалының ашылуы білім беру бағдарламаларының трансферін қамтамасыз етіп, бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыруға септігін тигізеді. Сонымен қатар бұл қазақстандық жастарға шетелге шықпай, ресейлік жетекші жоғары оқу орнының дипломын алуға мүмкіндік береді, – деді Қуаныш Ерғалиев.
Губкин университетінің Атырау қаласындағы филиалы «Мұнай-газ құбырлары мен мұнай-газ қоймаларын салу және пайдалану», «Мұнай-газ технологиялары», «Мұнай мен газдың табиғи резервуарларын геологиялық модельдеу» білім беру бағдарламалары бойынша студенттерді бакалавриатқа қабылдау науқанын бастады.
Оған 200 грант бөлінген. Оқу процесіне ресейлік профессорлар мен оқытушылар тартылады.