Атырауда сібір жарасы шыққан мал базарының жұмысшысы түйнеме жұқтырғаны анықталды. Бұл ақпаратты облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері растады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Асыл агро» мал базарында қасапшы болып жұмыс істеген орта жастағы ер адамда сібір жарасына күдік болғасын өткен жұма күні инфекциялық ауруханаға жатқызылған. Кейін сынама алынды. Шыққан қорытындысына сәйкес, науқаста сібір жарасының бар екені расталды. Қазір азамат диагнозына сәйкес ем қабылдап жатыр. Медициналық мекемеде қай уақытқа дейін болатыны белгісіз.
22 қараша күні сібір жарасына күдікті болып бір адам түсті. Ол науқастан ПТР анализі алынды. Анализ қорытындысы бойынша науқаста күні бүгінде оң нәтиже беріп тұр. Яғни расталды сібір жарасы, диагнозы қойылды. Соған сәйкес пациент емін алуда. Сібір жарасының бірнеше формалары болса, бұл азаматта терілік формасы. Терілік форма жеңіл түрде өтеді. Бүгінде науқастың денсаулығы бірқалыпты. Дене қызуы да қалыпты. Денесінде жарақат жоқ. Қолында кішкене жарасы бар. Науқастың қанша күнде емделіп шығатынын айта алмаймыз. Ол адамның иммунитетіне байланысты жүреді. Толық емдеу курсын аяқтағаннан кейін, медициналық мекемеден шығады. Науқаспен, ауру малмен қарым-қатынаста болған басқа 16 азаматтың бәрі бақылауға алынған. Сібір жарасы адамнан адамға жұқпайды. Малдан адамға ғана жұғады, - дейді Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Алмагүл Абилова.
Айта кетсек, «Асыл агро» мал базарында бұған дейін екі сиыр өлексесі анықталды. Өткен апта соңында тағы бір ірі қараның арам қатқаны белгілі болды. Қазір барлық мал сою цехтары мен базарлар қатаң бақылауда. Қалаға кіреберісте мал мен ет тасушылардың құжаттары жаппай тексерілуде.