Атырауда өрт сөндірушілер қамыс өртін сөндіріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Атырау облысы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 2 сәуір күні сағат 09:12 шамасында Атырау қаласы, Дамбы ауылынан 30 шақырым қашықтықта Каспий теңізінің жағалауында «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында қамыстың жанып жатқаны анықталды.
Бүгінгі күні жанған қамыстың жалпы аумағы 89,5 га құрап отыр. Кеше ауданы 82,5 га жану Төтенше жағдайлар департаментінің және «Ақжайық» МТР қызметкерлерінің күштерімен сөндірілді.
Желдің екпінінің қатты болуына және жердің батпақты болуына байланысты автокөліктерге жол жоқ болғандықтан қамыс өртін сөндіру жұмыстары қиындық тудырғанын атап өткен жөн. Бүгін сағат 8.30-да ТЖД күштері мен құралдары өрттің басына жетті, - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта қамыс өртін сөндіруге ТЖД 40 қызметкер, 7 техника, Атырау облысы ТЖД 3 мотопомпасы, «Ақжайық» МТР резерватынан 30 адам, 9 техника, 2 қайық, 4 мотопомпа жұмылдырылды.