Атырауда былтыр тамақтан 24 адам уланған. Бұл тұрғындар қоғамдық тамақтану орындарындағы өнімнен ұшынып, ауруханада ем қабылдапты. Ал биыл мұндай 3 факті тіркелген. Жергілікті жеміс-жидек піспей, көрші елдерден импортталып жатқасын, жағдай тіпті ушығыпты. Сол себепті жауаптылар өнімдердің құрамын тегін тексеріп беру мақсатында акцияны қолға алған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Былтыр тұрғындар уланған нысандардың бірі ірі тойхана. Қалған екеуі тез тамақ ұсынатын фаст-фуд желісі. Тұтынушылар көбіне суши, пицца, дөнер сынды тамақ жеген екен. Ал биыл тағы 9 адам зардап шеккен. Мамандар мұндай жағдайда тап болмас үшін міндетті түрде қызмет көрсететін орынның санитарлық жағдайына мән беріп, қажет болса тиісті құжаттарын да сұрату керек дейді.
Тамақтан улану мәселесі жалпы өте өзекті. Әсіресе күннің ысып кетуіне байланысты бұл ауқымды болып келеді. Тамақтан улану дегеніміз микроптық және микроптық емес болып екіге бөлінеді. Кез-келген адам өзі тамақ өнімдерін сауда орындарында не қоғамдық тамақтану орындарына барарда көңіл бөлу керек нәрселер бар. Ол заңдастырылған жерлерден алу керек міндетті түрде. Кез-келген орында санитарлық талаптың сақтала бермейтіні белгілі. Тұтынатын тағамдардың құжатын талап етуге болады. Тіркеу куәлігі не сертификат дейміз. Ал қоғамдық тамақтану орындарында ол жердегі технологияның сақталуына, санитарлық жағдайына мән берген дұрыс. Қызмет көрсететін адамдардың санитарлық кітапшалары болу керек, - дейді Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Искакова.
Жыл сайын бұл көрсеткіш көрші мемлекеттерден импортталатын жеміс-жидектің кесірінен ушығады. Сол себепті жауаптылар бұл жағдайда да аса мұқият болу керектігін ескертеді. Ол үшін тіпті облыс көлемінде арнайы акцияны да қолға алып, тұрғындарға көмек көрсеткелі жатыр.
Қазір ерте пісетін көкөністер шығып жатыр. Біздің облысымыздағы жергілікті өнімдер піскен жоқ. Бірақ жан-жақтан әкелініп жатыр. Алыс-жақын мемлекеттерден келетіні көп. Олардың құрамында нитрат жоғары болуы мүмкін. Сондықтан жеміс-жидекті сатып алған кезде, олардың сапалық құжатын сұрау керек. Тұрғындарға айта кететін бір жағдай, қазір барлық қалалық, аудандық санитарлық-эпидемиологиялық басқармалар ұлттық сараптама орталығымен бірлесіп акция өткізіп жатыр. Тұрғындар өздерінің сатып алған өнімдерін тегін түрде нитратқа тексерте алады. Осы қала аумағындағы үлкен базарларда жұмыс күндері де, демалыс күндері де акция өтеді. Сондықтан денсаулықтарыңызға жауапкершілікпен қарап, алған өнім құрамында не барын білу үшін осы акцияларға қатысуға болады. Тек көкөніс емес, жұмыртқа, құс өнімдерінен де сынама алғызуға болады, - дейді Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Искакова.
Тамақтан уланған адамда көрінетін белгілері бар. Дәрігерлер соған сай медицина қызметкеріне жүгініп, үй жағдайында ем алғанның өзінде белгілі ережелерді сақтау маңызды деп отыр.
Тамақтан уланған кезде ең алдымен асқазан-ішек жолдары зақымданады. Іш бүріп ауырады токсин енгесін. Дұрыс сақталмаған, жуылмаған тамақ жегенде 2-16 сағат аралығында инкубациялық мерзім жүреді. Клиникалық белгілер содан кейін ғана көріне бастайды. Ол дене қызуының жоғарылауы, іштің ауырсынуы, құсу және іш өтумен көрінеді. Осы белгілер болған жағдайда бірден тоқтатуға жүгінбейміз. Әсіресе балаларды айтсақ сусыздану болады, соның алдын аламыз. Регидрон био сынды электролиттерді ішу керек. Бірден ішу дұрыс емес. Әр 5-10 минут сайын қабылдау керек, - дейді Инфекционист-дәрігер Жансая Хайдарова.
Тамақтан улану тек қоғамдық орындарда емес, тұрмыстық жағдайда яғни үйде де болады. Сондықтан дүкен сөрелерінен дайын өнімді сатып алған кезде де бәріне мән беру керек. Әсіресе азық-түлік ішінен жұмыртқа, құс еті, ет өнімдері, шұжықтар тез бұзылатын болғандықтан, оларды мұқият тұтынған жөн. Тауарлардың сапасы, олардың дайындалу технологиясына, сақталу мерзіміне тікелей байланысты.