Атырау облысындағы денсаулық сақтау басқармасының кәсіпкерлер алдындағы қарызы жиналып қалған. Әкімдіктегілер 217 бизнес иесіне 807 млн теңге қарыз, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл заңбұзушылықты арнайы талдау жүргізген Атырау қаласының прокурорлары анықтады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық ұйымдар мен жеке кәсіпкерлік субъектілері арасында мемлекеттік сатып алу келісімшарты жасалған.
Шарт талаптары бойынша қызмет көрсетушілер өз міндеттерін толық орындаған. Дегенмен тапсырыс берушілер қызмет ақысын беруге асықпапты. Қаржыны 16 күннің ішінде өтеуге міндетті болса, оны 30 күннен астам уақытқа созып, бизнес иелері алдында қарызға батқан.
Атырау қаласының прокурорлары өңірдегі кәсіпкерлердің құқығын қорғауды назарда ұстайды. Бұл заңбұзушылықты талдау кезінде анықтадық. Прокурорлық қадағалау актісінің негізінде 105 бизнес иесінің пайдасына 182.7 млн теңге қаражат өндірілді. Мемлекеттік сатып алу саласына жауапты мамандарға ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолданылды. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың өткен мерзімінде тағы 3 тұлғаның кәсіпкерлерді заңсыз тексергені белгілі болды. Олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда, - дейді Атырау қаласы прокуратурасының бөлім аға прокуроры Алмат Сүйеуов.
Қала прокурорлары жуырда жергілікті әкімдік тарапынан кеткен тағы бір өрескел заңбұзушылықты анықтады. Жергілікті биліктегілердің автопарктерге артық субсидия төлегені белгілі болған.
Нақтырақ айтқанда, бюджет қаражатынан 50 млн теңгеге жуық қаражат негізсіз төленіпті. Бүгінге дейін 32 млн астамы кері қайтарылды. Қалғаны бөліп төлеу арқылы қайтарылуда.