Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырауда қала күніне орай ұйымдастырылған мерекелік шаралар өз мәресіне жетті, деп хабарлады Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.
Атырау қаласының әкімі Алимұхаммед Құттұмұратұлы Атырау тұрғындарын қала күнімен құттықтап, өзінің жылы лебізін білдірді.
"Бүгінде қаламыз қарқынды дамып, ажарлана түсуде. Бұл, әрине, барлық атыраулықтардың еселі еңбектерінің нәтижесі деп білемін. Барша тұрғындарды қала күнімен құттықтай отырып, отбасыларыңызға бақыт пен береке, ынтымақ пен бірлік тілеймін. Мұнайлы астанамыз көркейіп, көріктене берсін", - деді Алимұхаммед Құттұмұратұлы.
Сонымен қатар, облыс орталығында әлеуметтік және қайырымдылық жобаларды жүзеге асыратын демеуші компаниялар мен меценат кәсіпкерлер марапатталды. "Gaz stroy montazh " ЖШС басшысы Ерлан Табылдиев, ерікті Арман Қасымов, "Жүректен жүрекке" қоғамдық қорының жетекшісі Гүлбарам Ермұханова түрлі номинациялар бойынша марапатталды.
Көрермендер алдында аймақтың жергілікті шығармашылық ұжымдары, сондай -ақ, қазақстандық және шетелдік эстрада жұлдыздары - Ғаділбек Жанай, Ғазизхан Шекербеков, Say Mo және Maruv өнер көрсетіп, мерекелік көңіл күй сыйлады.
Мереке соңы отшашуға ұласты.
Айта кетейік, биыл Атырау қаласы өзінің 379 жылдығын тойлауда.