Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен селекторлық кеңес өтіп, жиында аймақтың коронавирус індетінің «екінші толқынына» дайындығы пысықталды, деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.
Бүгінгі таңда өңірде эпидемиологиялық ахуал тұрақталды. Десе де дайындық жұмыстары күшейтілген. Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаровтың мәлімдеуі бойынша, коронавирустың «екінші толқынына» жан-жақты дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде медициналық ұйымдар мен дәріханаларда дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы тұмауға қарсы екпе жүргізу үшін 60 мың доза вакцина алып, екпе жұмыстарын бастап кеткен.Облыстың медициналық ұйымдары науқастарға көмек көрсету үшін 224 ИВЛ аппаратымен, 27 рентген аппаратымен, 10 компьютерлік томография аппаратымен, 977 оттегі генераторымен және 1100 пульсоксиметрмен қамтамасыз етілген.
Коронавирустың «екінші толқыны» орын алған жағдайда облыста 2080 инфекциялық кереует, оның ішінде 120 реанимациялық кереует жасақтау жоспарланған. Бұдан басқа, шалғай елді мекендерде орналасқан тұрғындарды медициналық көмекпен қамтамасыз ету үшін өңірге 7 жылжымалы медициналық пункт келеді деп күтілуде, - деді Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаров.Сонымен қатар, бүгінгі күні облыстың емдеу-сауықтыру ұйымдары жеке қорғаныш құралдарының 2 айлық қорымен қамтамасыз етілген. Демеушілік көмек арқылы алынған 8 бірлік автокөлік облыстың медициналық ұйымдарына таратылды.
Бұдан басқа, қазан-қараша айларында лизинг арқылы 40 санитариялық автокөліктің жеткізілуі күтілуде. Облыс бойынша 8 медициналық ұйымға орталықтандырылған оттегі станциясын орнату жоспарланған болса, бүгінде 6 станцияның құрылыс монтаж жұмыстары жүргізілуде.
Жиын барысында дәрі-дәрмектердің тапшылығын болдырмау, карантин кезінде той, еске алу сынды отбасылық жиындарға тоқтау салу, дезинфекция жұмыстарын күшейту, сонымен қатар, карантин жағдайындағы кәсіпкерлік нысандардың жұмысын жалғастыру сынды мәселелер де талқыланды.
Бүгінде аймақтағы эпидемиологиялық ахуал тұрақтанды. Соған қарамастан облыста коронавирус инфекциясымен күрес әлі де жалғасуда. Тұрғындар арасында ақпараттық-насихаттық жұмыстарын одан ары күшейтуіміз қажет. Пандемияның «бірінші толқыны» кезінде науқас адамдарды емдеуге арналған төсек орындардың тапшылығы анық байқалды. Осы мәселені шешу бағытында бүгінгі күні Атырау қаласында 200 орындық және Жылыой ауданында 275 орындық ауруханалардың құрылысы жүргізілуде. Олар жуық арада аяқталуы тиіс,- деген облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов тиісті органдар басшыларының барлығының дайындығын пысықтап шықты.
Сондай-ақ, облыс әкімі Атырау қаласында салынып жатқан модульді типтегі жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысын уақытында аяқтауды, медициналық құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз ету мәселесін облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен құрылыс басқармасына жіті қадағалауды тапсырды.
Жиын соңында Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов эпидемиологиялық жағдайды бақылауда ұстап, санитарлық нормаларды қатаң сақтауды, коронавирустық инфекцияның таралуы мен ауру көрсеткіштерінің өсімі байқалған жағдайда жедел шараларды қабылдауды, сондай-ақ, барлық санаттағы медициналық қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жүктеді.