Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырауда көлік басқарған 14 жастағы жасөспірім анықталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Көлік жүргізушісін полицейлер жол ережесін бұзғаны үшін тоқтатқан. 28 сәуір 12:00 шамасында Атырау қаласы полиция басқармасының Жедел басқару орталығының бейне бақылау қызметкерлері С.Датов-Канцев көше қиылысында «VIS 23470040» маркалы автокөлік жүргізушісінің қауіпсіздік белдігін тақпай келе жатқандығын байқап, патрульдік полицейлерге бағыттама берген. Полицейлер тексеру кезінде көлік жүргізушісінің 14 жастағы жасөспірім екендігін анықтады.
Ол басқарған көлік өзінің ағасына тиесілі.
Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабының 2-бөлігімен (Құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлiк құралын басқаруы), ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабының 2-бөлігімен (Қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін) әкімшілік хаттамалар толтырылып, жүргізуші кәмелет жасқа толмауына байланысты, оның анасы 1973 жылы туған азаматшаға барлығы 43 755 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Жасөспірімге патрульдік полиция қызметкерлерімен профилактикалық сұхбат жүргізілді.