Атырауда туризм саласын цифрландыру мақсатында алты туристік нысанға QR-кодтар орнатылды. Олардың қатарында Сарайшық қаласының орны, «Хан Ордалы Сарайшық» музей қорығы, Хиуаз Доспанова, Жұмекен Нәжімеденов, Дина Нұрпейісова және Құмаршық ескерткіші бар, деп хабарлайды BAQ.KZ azh.kz-ке сілтеме жасап.
Туристер бұл нысандар туралы бес тілде ақпарат ала алады.
Алдымен смартфон немесе планшетке Play Market және App Store-дан «Tarihi jol» қосымшасын жүктеп алып, тақтайша бетіндегі QR-кодты сканерлеу керек. Код арқылы ескерткіш жайлы ақпаратты өзі қалаған тілде ала алады. Мәселен, ұялы телефон арқылы «Сарайшық» қаласының орнындағы кіреберісте орнатылған QR-кодты сканерлесеңіз, онда бұл нысан қай жылы қойылғаны және тарихы туралы толық ақпарат береді, - дейді Атырау облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Жаңабеков.
QR-кодты орнату жұмыстары ары қарай жалғаса бермек, өңірде республикалық маңыздағы 4, жергілікті маңыздағы 313 ескерткіш бар.