Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырауда есірткі тасымалдаумен айналысқан шетелдік ұсталды, деп хабарлады Polisia.kz.
Атырауда Нигерия Федеративтік Республикасының азаматы синтетикалық есірткі заттарын сақтау және тасымалдаумен айналысқан.
Аталған 24 жастағы ер адамды Атырау облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Атырау облысы бойынша департаментімен бірлесе жүргізген “Қарасора – 2022” жедел алдын алу іс-шарасы кезінде анықтап, ұстаған.
Сhevrolet автокөлігін тінту кезінде әрқайсысы салмағы шамамен 1 грамм болатын таспаға оралған 5 полиэтилен қап тәркіленді. Сараптама нәтижелері бойынша тәркіленген зат жалпы салмағы 5 грамм мефедрон синтетикалық есірткісі екендігі анықталды.
Қазіргі уақытта күдікті Атырау қаласында уақытша ұстау изоляторына қамауға алынып, оған қатысты ҚР ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.