Атырауда эко-жобалар басымдыққа ие

22 Маусым 2022, 21:14
1412
Бөлісу:
Атырауда эко-жобалар басымдыққа ие

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жаңадан отырғызылған көшеттер мен гүлдер қаладағы «Авангард» шағын ауданына ерекше  көрік беруде, деп хабарлады Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі.

Атырау облысында өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған әлеуметтік жобалар жүзеге асырылып жатыр. Сондай жобалардың бірі – «Жасыл Атырау». 

Аталмыш жоба аясында еріктілер мен қала тұрғындары көгалдандыру бойынша оқытудан өтті. Жоба іске асырыла бастағаннан бері Атырау қаласының «Авангард» шағын ауданында 552 көшет және 440 көпжылдық тұқымды және түйнектік гүлдер отырғызылды.

Атырау облысында көптеген өнеркәсіптік, өндіруші және қайта өңдеуші компаниялар санының көптігіне байланысты экологиялық жағдайдың нашар екендігі ешкімге құпия емес. Өңірдегі жағдайды ауаның зиянды бөлшектерін азайтатын технологияларды жетілдіру және қала мен аймақты жаппай көгалдандыру сияқты шаралар кешені түзете алады. Эко-жобалар біздің өңірде басымдыққа ие болуы тиіс.  Өйткені экологиялық жағдай халықтың денсаулығына әсер етпей қоймайды, - дейді жоба жетекшісі Бекет Қарашин.

Қоғам белсендісінің айтуынша, қалада отырғызылыған көшеттер тиісті күтімнен өтсе,  жақсы өнеді. Оларды үнемі суарып тұру да қажет. Ал экологтар жеміс-жидек, жапырақты ағаштарды отырғызған дұрыс деп есептейді. Жобаға суару, топырақты ұрықтандыру және ағаштарды химиялық өңдеуге бағытталған іс-шаралар енгізілген.Қазіргі уақытта қоғам белсенділері еріктілермен бірлесіп, жасыл желек аймақтарына экологиялық мониторинг жүргізуде.

Біз ағаштар мен гүлдерді отырғызған жерлерде әр көшетті тексеріп, айналып өтеміз. Біз ағаштың қалай тамыр алғанын, суарудың дұрыс немесе бұрыс жүргізілгенін бақылаймыз, - дейді Бекет Қарашин.

Айта кетейік, «Жасыл Атырау» жобасы «Ecobatys» бастамасы шеңберінде «Шелл Қазақстан» компаниясының жәнеАзаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы